Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында өзінің 6 жасар қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталды

жұмсақ ойыншықФото: pixabay.com

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жас балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін айыпталған адамға қатысты іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот мәліметінше, биыл 25 сәуірде сотталушы Қордай ауылында өз үйінде, масаң күйде 6 жасар қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.

"Сотталушы Ж жәбірленуші (2019 ж.т.) Р-ның дәрменсіз күйін пайдаланған. Ол өз қызына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Сотталушының кінәсі сотталушының, жәбірленушінің, оның өкілінің және куәлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, басқа да заттай дәлелдемелермен, іс құжаттарымен дәлелденді", – деді судья.


Павлодарлық ер адам азаматтық некедегі жарының қызын зорлағаны үшін өмір бойына сотталды: Анасы барлығы қызының келісімен болғанын айтқан


Абай облысында әйелінің 9 жасар жиеніне азғындық жасаған ер адам өмір бойына сотталды


Прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушыны кешірмеді. Оған заң бойынша жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындады.

"Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігінің (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасаған қылмысына өкінуін қарастырды. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол моральдық зиян ретінде 5 миллион теңге өтеуге тиіс", – деді судья.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда өгей қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталғаны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 11:13
Талқылау