Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қатты дауыл салдарынан 17 жастағы жасөспірім көз жұмды

Жамбыл облысында қатты дауыл соққан кезде 17 жастағы бала үй шатырынан құлап, көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2004 жылғы бала үй шатырынан құлап, оқиға орнында мерт болды.

Жамбыл облысында қатты желден барлығы 53 адам зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Облыстық көпбейінді ауруханасына 4 бала түскен, оның үшеуі стационарға жатқызылды, біреуі амбулаторлы түрде ем қабылдады.

Медициналық көмекке жүгінгендердің басым көпшілігі терезе, ағаш, қақпа құлағаннан бас, аяқ-қол және тағы басқа дене жарақатын алған.

Еске салсақ, 17 қарашада Жамбыл облысында ауа райы күрт нашарлады. Осыған байланысты өңірде кейбір тас жолдар жабылды.

Болған дауыл қала инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келтірді. Салдарынан 17 қараша түскі сағат бірдегі жағдай бойынша Тараз қаласында 5 көпқабатты тұрғын үйдің 50-200 шаршы метрі зақымданды. Сондай-ақ 12 мектеп, 4 бөбекжай-бақшаның 50-300 шаршы метр шатыры қираған.

 

Ауа райының күрт құбылуы салдарынан нысандардың жартысынан астамы электр қуатынан ажыратылды. Электр беру желілері, шатырлар, ағаштар құлап, автомобильдер бүлінді. 

Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі ағаш, 12 аялдама құлады. 32 бағдаршам істен шықты.

"Таразда 34 билборд, 9 баннері мен 64 жалауша жыртылды. Барлық мектептегі оқушылар сағат 10.00-де үйіне қайтарылып, оқу процесі онлайн жүйеге ауыстырылды", - делінген ақпаратта.

Қазір құлаған ағаштарды кесу және аумағын тазалау жұмыстарына 6 бригада тартылды.

Электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына 21 бригада жұмылдырылған. Электрді қайта қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Талқылау