Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында имам екі зейнеткердің қажылық сапарына жинаған 3 мың долларын қайтармай қойған

Жамбыл облысы Таңта ауылындағы "Таңта баба" мешітінің имамы Қанат Қуанышбеков 2024 жылдың жазында умра жасағысы келген қарт ерлі-зайыптыларға қажылықты ұйымдастыруға уәде беріп, олардан 3 мың доллар алып кеткен. Бірақ қарттар әлі шағын қажылыққа бара алмай, ақшасын қайтара алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: business-gazeta.ru

Таңта ауылында 90 жасқа жақындаған ерлі-зайыптылар имамға 3 мың доллар беріп, әлі күнге дейін сол ақшасын қайтара алмай жүргені туралы ақпарат тарады. Кейін имам Қанат Қуанышбеков зейнеткерлерден қомақты қаржы алғанын және әлі қайтармағанын растады. Ол бұл ақшаны 2024 жылдың шілде айында алған. Ол жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын айтып, ақталды.

"Ақшаны алдым. Оны досыма беріп, қайтара алмадым. Содан кейін оның ата-анасына барып, бәрін түсіндірдім. Олар ақшаны 21-ші күні қайтарамыз деп айтты. Сол күні ата мен апаға апарамын. Бұл адамдармен біз бір кездері қажылыққа барғанбыз. Олар "Біз қартайдық, сен төле" деп айтты еді, мен солай ақшаны алдым. Сол уақытта досым 3-4 күнге қарыз сұрады, мен оған ақшаны бердім. Міне, осының нәтижесі осындай болды", – деді имам.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облыстық өкілдігі Тараз қаласы маңындағы Жамбыл ауданы, Танта ауылдық "Танта баба" мешітінің имамы Қанат Қуанышбековке қатысты мәлімдеме жасады.

"Айта кететін мәселе Қ.Қуанышбеков Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасын өрескел бұзып, үлкен қателік жасаған. Қ.Қуанышбеков ақсақалдан Умра сапарына жіберу үшін алған 3 мың доллар ақшасын 22.11.2024 күні қайтарып береді. Алдағы уақытта Жамбыл ауданы, Танта ауылдық "Танта баба" мешітінің имамы Қуанышбековке қатаң тәртіптік шара қолданылады", – деп хабарлады мүфтияттың өкілдігі.

ҚМДБ-ның Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті өкілдігі қариялардан кешірім сұрап, мәселені бақылауда ұстайтынын айтып, уәде етті.



Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповке қатысты дауға байланысты әлеуметтік желілерде бас имамның аудан мен қала мешіттерінің имамдарынан мәжбүрлі түрде ақша жинағаны туралы ақпарат тарады. Желіде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістанға сапары үшін қаражат жинау туралы мәліметтер мен түбіртектер жарияланды. Алайда Төлепов бұл ақпаратты жоққа шығарып, имамдар газет-журналдарға жазылу үшін ақшаны өзіне аударғанын айтты. Ол жағдайға түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін және автордың әрекетіне моральдық жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді.

Талқылау