"Ауылдың малынан көп": Жамбыл облысында есек қаптап, төрт түлікті азықсыз қалдырды
Фото: Видеодан скрин
Жамбыл облысында үйір-үйір есек қаптап, жергілікті тұрғындарды әлекке салды. Олар жайлау біткенді жайпап, елді мекендерді басып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Төрт түлігіне жем-шөп таппай сабылған адам есек үшін ата қоныстан көшуден басқа амал қалмады деп ашулы. Одан қалды үйірмен жүретін жануарлар өрістерді өлексеге толтырған. Қазір Байзақ пен Талас ауданының жайылымы тып-типыл. Азық іздеген жануарлар ауылға бет алған.
“Далада да жейтін түк қалмады. Енді көшеге келіп, өзіміз жинап қойған шөбімізді жеп жатыр. Ауылдан ешқандай болашақ көріп отырған жоқпын. Осы есек бізге қасірет болды. Ауылдың малынан көп. 3 мың есек дейді”, – деп қапалы ауыл тұрғыны Жақия Аяғанов.
Жергілікті жұрт шабындық шауып, бау-бақша баптауды әлдеқашан қойған. Күндіз қорығанымен жануарлар түнде таптап, еңбекті еш еткен. Азық таппаған есектер жаппай қырылып, әсіресе Талас өзенінің ішін өлексеге толтырған.
Жұрт өлекседен індет тарай ма деп қорқады. Бір қызығы, есек бағып жүрген ешкім жоқ. Есесіне жасына қарай кәсіпкер әр аймақтан 25-30 бас есек сатып алуды жалғастырып жатыр дейді жұрт. Әкеледі, кейін басы ауған жаққа жіберетін көрінеді.
“Ол кісіні бірнеше рет шақырдық, дегенмен әкімдікке келмейді. Телефонын көтермейді. Оны құзырлы органдарға да бердік, арнайы инспекцияға да бердік. Мал дәрігерлік қызметке де бердік. Негізгі құзырет соларда”, – дейді Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев.
Қазір жаппай қырылған есектердің дертін мамандар анықтауға кірісті. Бір анығы аймақ басшылары есек өнеркәсібі үшін инвесторға жер бермепті. Бірақ кәсіпкер жергілікті жеке шаруалармен келісіп, іс бастап кеткен көрінеді.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
