Жамбыл облысында екпеден көз жұмған ер адамның өлімінен кейін емшара бөлімшелері жабылып жатыр
Фото: Видеодан скрин
Жамбыл облысында екпе алуға келіп, ажал құшқан Ислам Үсеновтың жақындары әділдік іздейді. Қара жамылған отбасы алты айдан бері адам өлімі бола тұра орталықтың жұмысын жалғастырып жатқанына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Адам өлімі тіркелген емшара бөлімінің адам қабылдауға лицензиясы да жоқ болып шықты. Марқұмның туыстарының айтуынша, оның жабылуына лауазымды тұлғалар кедергі болып тұр.
29 жастағы азамат екпе салуға жекеменшік орталыққа барған. Әкесінің сөзінше, тамырдан салынған дәріден соң аяғы дірілдеп біраз жатып қалған. Емшара бөліміндегілер Исламның жүрек соғысы тоқтаған соң ғана жедел жәрдем шақырған. Дәл осы жағдайдан соң ел бойынша барлық жекеменшік емшара бөлімдері жаппай жабылды. Бір ғана Тараздың өзінде осындай 133 орталық болса 93-інің заңсыз жұмыс істегені анықталған. Бірақ Ислам Үсенов қайтыс болған бөлімше әлі күнге адам қабылдауын тоқтатпаған.
“Aisha medical-ды” жауып, онда істейтін лицензиясы жоқ мейіргерлерді қамап, тергеп-тексеріп, сотқа тез арада жіберуді талап етемін. Осы кезге дейін 1-полиция басқармасы тергеу бөлімінің дұрыс тергеу жүргізбегені үшін прокуратураға арыз-шағымымды жеткізіп қойдым”, – дейді марқұмның әкесі Темірхан Үсенов.
Бірақ орталық жазылған арыздан кейін де жабылмаған. Жәбірленуші тарап екпе егетін бөлімшенің иесін құзырлы органдар қамқорлық көрсетіп отыруы мүмкін деп күдіктенеді. Өйткені жауапты департаменттің басшысы осы азаматтың ажалы дәріден келгенін растайды. Тіпті бөлімшеден сақтау мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер анықталған. Бірақ орталыққа ешкімнің дәрмені жүрмей тұр.
“Тексерулер нәтижесінде 38 нысанға 47 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Біздің тексерген нысандарда дәрігерсіз жұмыс істеген. Оның 38-інде дәрігерге дейінгі кабинетінде лицензия болса, қалғанында рұқсат қағаздары болмаған”, – дейді Фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Айгүл Балғабаева.
Қазір мамандар осы емшара бөлімшесімен соттасып жатыр. Баласынан айырылған әке әділдікке жету үшін көмек сұрайды. 29 жастағы Ислам Үсенов жолсерік болып қызмет еткен. Оның артында екі ұлы мен жесірі қалған.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
