"Лицензиясыз қызмет істеген кабинеттердің бірі жойылды": Жамбыл облысында дәрі еккен соң көз жұмған екі адамның оқиғасы тексерілді
Қазақстанда науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын өрескел бұзып жұмыс істейтін жекеменшік процедуралық кабинеттер анықталды. Кабинеттер лицензиясыз қызмет көрсетіп, дәрі-дәрмектер дұрыс сақталмайтыны және біліктілігі жоқ мамандар жұмыс істейтіні белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: КТК
Өткен аптада Таразда екі ер адамның жекеменшік процедуралық кабинеттерде жасалған инъекциядан кейін көз жұмғаны белгілі болды. Екеуі де анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Осы қайғылы жағдайдан кейін Жамбыл облысында тексеріс жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігі бір кабинет жабылғанын хабарлады. Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді. Қалған кабинеттерге шағымдардан кейін 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Фармация комитетінің медициналық қызметті жоспардан тыс бақылау басқармасының басшысы Арман Құдабаев дәл осындай жағдай елімізде 7 рет тіркелгенін айтады.
"Жеті қайғылы жағдай тіркелген, оның екеуі Жамбыл облысында. Сондай-ақ Шымкент қаласында, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бір-бір жағдайдан анықталды. Қайғылы жағдайлар болған Жамбыл облысында департаменттер жиналыстар өткізіп, мониторингтік топтар құрылды. Бұл топтар орындарды аралап, заңбұзушылықтарды анықтайды", – делінген Арман Құдабаевтың жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Таразда науқастанып қалған екі ер адам ем алу үшін жергілікті емшара бөлмесіне барғанын жаздық. Алайда екеуі де дәрігерлер салған антибиотиктен кейін анафилактикалық шоктен көз жұмды. 29 жастағы Исламбек Үсенов Қазақстан темір жолында жұмыс істеген. Тамағы жыбырлаған соң рейс алдында келіп, ем алмақ болған. Өзімен дәрігер жазып берген дәрісі болмаған. Сөйтіп емшара бөлмесіндегі мейіргерлер алдымен дәрі тамызғыш қойып, кейін ине салған. Содан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
