Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өтірікті қиыстырып айтсаңдаршы": Жамбыл облысында егіні су көрмеген фермерлер мамандардың жалған есеп бергеніне наразы

фермерлер су жоқ деп наразы

Фото: Видеодан скрин/Бағдат Бейсенқұлов

Жамбыл облысында жүгері алқаптары қурап жатыр. Диқандардың айтуынша, суару маусымы басталғалы егін бір тамшы су да көрмеген. Бірақ билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарына алқап жеткілікті суарылғанын айтып, есеп берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қордай ауданындағы фермерлер қураған алқаптарды көрсетіп, су мамандарының сөздеріне қарсы уәж айтты. Себебі шенеуніктер “өңірде су мәселесі жоқ, барлық жер толық қамтамасыз етілген” деп есеп берген. Алайда шаруалар мұның шындыққа жанаспайтынын айтты. Олар суарылмай өсіп жатқан жүгері алқаптарының видеосын түсіріп, жариялады. Айтуларынша, бірнеше ауылдық округтегі алқаптар сусыз қалған.

“Бүгінге дейін жүгері суарылған жоқ, өйткені бізге ешкім су беріп жатқан жоқ. Бірақ мені таңғалдырғаны – Жамбыл облыстық "Қазсушар" басшылығы “облыс толықтай суармалы сумен қамтамасыз етілген” деп есеп беріпті. Оларға айтарым, енді өтірік айтсаңдар, тым болмаса қиыстырып айтсаңдаршы”, – дейді фермерлер.

Осыдан кейін ғана "Қазсушар" мекемесі мәселенің бар екенін мойындады. Олардың айтуынша, су тапшылығына қыста қардың аз түсуі себеп деп отыр. Қазір бұл жағдайды кезекпен суару әдісі арқылы шешуге тырысып жатыр.

“Биыл жауын-шашынның аз түсуіне байланысты су мен ресурстарға сұраныс артты. Осыған байланысты егістік алқаптарын кезекпен суару жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін Степнов ауылдық округіндегі 70 шаруашылықтың алқаптары суарылды. Қалған диқандардың жерлері алдағы 10 күнде бекітілген кесте бойынша суарылады”, – деді “Қазсушар” РМК Жамбыл филиалы директорының орынбасары Бағдат Бейсенқұлов.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Маусым, 2025 11:52
Талқылау