Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар желіде дін туралы видеоларды бөлісемін деп түрмеге түсті

діни радикализммен айналысқандар сотталды

Фото: Рexels.com

Жамбыл облысында діни радикализммен айыпталған төрт азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Олар діни алауыздықты нәсихаттайтын әдебиеттерді таратып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылдың басында Бірлесу Еңбек ауылында Жамбыл ауданы прокуратурасының нұсқауы негізінде полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері діни алауыздықты нәсихаттайтын әдебиеттерді таратумен айналысып келген төрт адамнан құралған топты құрықтады. Олар ел аумағында тыйым салынған діни материал мен уағыз-насихатты әлеуметтік желілерде жариялап отырған.

Күдіктілердің үй-жайларын тінту барысында Қазақстан аумағында діни алауыздықты қоздырушы ретінде таратуға тыйым салынған материалдар тәркіленді.

“Биыл маусым айында күдіктілер Жамбыл аудандық соты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша діни алауыздықты қоздырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Айыпталушылардың әрқайсысы 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот үкімдері заңды күшіне енді”, – деп мәлімдеді Жамбыл облысының прокуратурасы.

Прокуратура органдары әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындағаны немесе таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Шілде, 2025 15:06
Талқылау