Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында бір апта бұрын жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды

Видеодан скрин

Жамбыл облысында бір апта бұрын жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ер адам достарымен бірге фазендаға кеткен екен. Алайда жолда көліктері бұзылып достар әр жаққа бөлініп кеткен көрінеді.

“Хабарлама түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары күн сайын жүргізілді. Аумақты кезең-кезеңімен тексеру барысында жергілікті тұрғындар жоғалып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оқиғаның мән-жайын тиісті қызметтер анықтап жатыр”, – деді Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Карина Карташова.

43 жастағы Нұржан Өмірбековті 100-ден астам полиция қызметкері, құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар іздеді. Оның мәйіті бұзылып қалған көліктен шамамен 10 шақырым жерден табылды. Дәл осы маңда 11 ақпанда мал қарауға фазендаға шыққан үш жолдас әр жаққа бөлініп кеткен.

Марқұмның жұбайына достары жолда көліктің бұзылғанын айтқан. Кейін қар жауып, олар Нұржанды көліктің жанында қалдырып, өздері кетіп қалған. Болжам бойынша, Өмірбеков те кейін жақын маңдағы ауылға қарай бет алған. Алайда боран салдарынан бағытынан жаңылып кеткен болуы мүмкін.

Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр. Дегенмен мәйіттен айқын зорлық-зомбылық белгілері анықталмағандықтан, іс қысқартылуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында жас мұғалімнің мәйіті табылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 21:27