Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында балалар үйінің тәрбиеленушісі тегін берілуге тиіс үйді 14 жыл күткен

14 жыл кезек күткен балалар үйінің тәрбиеленушісі

Фото: Видеодан скрин/Алена Орлова қызымен/ прокурор Саламат Абитбекова

Жамбыл облысында 14 жыл бойы үй кезегін күткен балалар үйінің тәрбиеленушісі үкіметтен баспанаға қол жеткізді. Мемлекеттен күдерін үзген келіншек үй алу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Сөйтсе берілуге тиіс баспананы тұрғын үй шаруашылығының қызметкерлері созбалаңға салып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жастайынан ата-анасынан айырылған Алена Орлова балалар үйінде тәрбиеленген. Кәмелет жасына толып, түлеп ұшқанда тегін берілуге тиіс пәтер кезегіне тұрған. Алайда отыз жасқа келгенше кезегі келмеген.

“Әділдік бар екен. Бастысы күту, сену керек. Бізге қол ұшын созған прокуратура қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Кезегіміздің он жылдап жылжымай жатқанын айтып қайда бармадым. 14 жылдан кейін орындалмас армандай еді. Мен күткен үйден де тамаша таунхаустан пәтерлі болдым”, – дейді Алена Орлова.

Ол кезектің жылжымауынан бекер күдіктенбеген екен. 3003-үміткер болып тіркелген үй кезегі әлдеқашан келген. Алайда осы санаттағы азаматтарды сан түрлі желеумен сандалтып қойғандар анықталды.

“Кезекке 2011 жылдан бастап тұрған. Кезегі келсе де үй алмаған. Осы бойынша прокурорға қадағалау актісі енгізіліп, үймен қамтамасыз етілді. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, балалар үйінің тағы бес тәрбиеленушісі үй кезегіне мүлде қойылмағаны анықталды. Бұл жағдай бойынша да кінәлілер жазаланды”, – дейді Тараз қаласы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Саламат Абитбекова.

Айым Болатқызы
Жұма, 18 Шілде, 2025 09:13
Талқылау