"Жаманымды жасырдың": Дастан Оразбеков әйеліне ел алдында алғыс айтты
“Орда” тобының әншісі, актер Дастан Оразбеков шаңырақ көтерген жылдарын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/dastanello/
Өнер иесі жеке парақшасында әйеліне жан тебірентерлік жазба жариялады.
“Отау құрғанымызға – 17 жыл. 17 жыл бұрын мені таңдағаныңа рақмет. 17 жыл бойы сеніміңді үзбей жүргеніңе рақмет. 17 жыл бұрын құрған отауымыздың отын сақтағаныңа рақмет. 17 жылдың ішінде екі ұл сыйлағаныңа рақмет. 17 жыл менің шырағым болғаныңа рақмет. 17 жыл бойы өзіңмен шынайы махаббатты сезінгеніме рақмет. Жаманымды жасырып, жақсылығымды асырғаныңа рақмет. Саған жолықтырған Аллаға рақмет!”, – деп жазды әнші.
Сонымен қатар өнер иесі репертуарындағы “Тамшылар” әнін жарына арнағанын жасырмады.
“Біз 2006 жылы таныстық. 2007 жылы шаңырақ көтердік. Мен жұмыспен Мәскеуде жүрдім. Қашықтан араласуға тура келді. “Тамшылар” әні – жан-жарыма білдірген сезімім, арамыздағы махаббат хикаясының бейнесі. Әннің алғашқы шумағында “Сенсің Жәннат” деген жолдар бар. Сүйгенімнің есімі жұмақ сөзімен мәндес болып шықты. Шынымен де, көз алдымда ол маған жұмақтай сезілді. Жанұямыздың қысқаша тарихы осындай”, – деп жазды өнер иесі.
Еске салайық, Дастан Оразбеков ұлының елордадағы жекеменшік мектебіне 4 миллион 200 мың теңге төлейтінін айтқан еді.