Тоқаев Қазақстанда жеңілдіктің тым көп екенін айтты – "Жалқаулық пен масылдыққа жол береміз"
Фото: Ru.freepik.com/
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырған. Салдырынан осы жеңілдіктерді әперемін деп "көмек қолын" созатын жылпостар да көбейген.
“Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын "жасарып", көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз”, – дейді президент.
Ол кезінде толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан “әлеуметтік топтың жанашырларын” сөз етті. Салдарынан елде ажырасу көбейді деп отыр.
“Ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде "көш бастаған" елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді”, – деді Тоқаев.
Президент елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдаудың ерекше маңызды екенін атап өтті.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
