Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалғызбасты әйелден 100 мың теңге пара сұраған полиция қызметкері 7 жылға сотталды

Жалғызбасты әйелден 100 мың теңге пара сұраған полиция қызметкері 7 жылға сотталды

Фото: Ru.freepik.com

Қазақстандық полиция қызметкері көлік мінген әйелді тоқтатып, одан мас күйде рөлге отырды деп күдіктеніп, пара сұраған. Заңсыз әрекеті үшін полиция қызметкері 7 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Диапазонға сілтеме жасап хабарлайды.

Ол серігімен “Ақтөбе-Астрахань” тас жолында патрульдік қызмет атқарып тұрған. Алға ауданына кіреберісте патруль әйел тізгіндеген “Hyundai Accent” автокөлігін тоқтатқан. Ол жүргізушіден ішімдік ішті деп күдіктеніп, қызметтік көлікке отыруды сұрап, медициналық сараптамадан өту қажет екенін айтқан. Сөйтіп 28 жастағы полиция қызметкері жүргізуші әйелден 100 мың теңге пара алған. 

Тергеу мәліметінше, пара алғаны үшін полицей медициналық тексеріс жүргізбеген және болашақта осындай жағдайлар қайталанса да ешқандай шара қолданбайтынын айтып, уәде еткен. Параның жалпы сомасының 45 мың теңгесі полицейдің үйінен табылған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартты. 

“Тоқтатқан көліктің жүргізушісі өзі виски ішкенін айтты, бірақ біз ешқандай алкоголь иісін сезбедік. Оған медициналық тексеруден өтетінін және бәрі дұрыс болса, босатылатынын түсіндірдік”, – дейді айыпталушы.

Ауруханада дәрігер болмағандықтан, сараптама кейінірек жүргізілген. Қорытындыға сәйкес, әйел көлікті мас күйде жүргізбеген. Айыпталушының сөзінше, жүргізушінің өзі 100 мың теңге ұсынған, бірақ ол ақшаны алмаған, ал купюралардың оның пәтерінен қалай табылғанын түсіндіре алмады. Ол сотта өзін тінту кезінде әдейі жала жапқанын айтып, судьядан өзін ақтауды сұраған.

Жүргізуші әйел сотта полиция қызметкеріне таңертең аздап мартини ішкенін мойындағанын айтты. Бірақ көлікке сау күйде отырған. Ол жүргізуші куәлігінен айырылып қаламын деп қорқып, ескерту жасаумен шектелуді сұраған. Әйел — жалғызбасты ана, тауар тасымалдап, күн көреді..

Одан “мәселені шешу үшін не қажет?” деп сұрағанда, полицей телефонына “100” деген санды теріп көрсетіп, қолма-қол ақшаны табуға бір сағат уақыт берген.

Сөйтіп ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкеріне полицейдің пара талап еткенін хабарлап, мобильді қосымша арқылы оған арыз түсірген. Кейін банкоматтан ақша шешіп алып, купюраларды суретке түсіріп, фотосын антикор қызметкеріне жіберген. Біраз уақыттан кейін ол медициналық сараптамадан өтіп, нәтижесінде мас емес екені анықталған.

Сараптама қорытындысымен бірге ол полицейдің қызметтік көлігіне отырып, оның нұсқауымен ақшаны көліктегі қобдишаға салған. Полицей оған “Енді сенің жолың әр кез ашық болады” деген. 

Сот жүргізушінің сөздері шындыққа сай екенін және полицейдің расында одан 100 мың теңге көлемінде пара талап еткенін анықтады.

Нәтижесінде іс айыптау үкімімен аяқталды. 28 жастағы полиция қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай-ақ сот үкімінде сотталған адам жәбірленушіге адвокатқа жұмсаған шығындарын өтеу үшін 1 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 09:04
Талқылау