"Жалғыз ұрпағын көп көрмейміз, естімейміз": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм Батырхан Шүкеновтің анасының арманын айтты
Танымал БАҚ өкілі, журналист Ләйлә Сұлтанқызы марқұм Батырхан Шүкеновті есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/
Медиа маманы Zamandas подкастында марқұм әншіні соңғы рет қай жерден көргенін айтты.
“Ол кезде радиода істеймін. Қазақша сөйлеп, қазақша эфир жүргізетін едім. Бір күні қолымда көп дискімен Нұрберген Махамбетовтің кабинетіне келе жаттым. Мен әлі кішкентаймын. Сол жылы бізге Бейбіт Әлібеков мектеп бітіріп келіп жатқан. Жүгіріп келе жатып қарасам, Нұрбергеннің кабинетінде Батыр тұр. Батырды көргенде тілімді жұтып қойдым. Қолымдағы дискінің бәрін құлатып алдым. Сонда маған қарап, "эфирде қазақ тілінде сөйлейтін қыз ба?" деп сұрады. "Иә, мен" дедім. Кейінірек Батыр Superstar.kz жобасына шақырғанда қатты таңғалдым. Балалық арман еді ғой. Сонда Батырға қарап отыра беретінмін. Ол күшті сөйлейтін, күшті әңгімелер айтатын", – деді журналист.
Сонымен қатар марқұмның туып-өскен шаңырағында да жиі қонақ болатын кезді айтып берді.
“Қызылордаға әке-шешесінің үйіне бардық. Мен кішкене қазақша сөйлеймін, даудырап әңгімемді айта беремін ғой. Содан анасы "Әй, қызым, отыр. Сен неге жүрсің? Қарамайсың ба, Батырға ғашық қазақ қыздары көп қой, иә?" деді. Содан мен "Иә, Батырды барлық қыз ұнатады" деп жатырмын. Сонда "Сол балам жақсы келіншек алса деген арманым ғой" деп арманын айтты. Сол кезде Батырдың анасы оның бір қазақ қызына үйленгені, үбірлі-шүбірлі, балалы-шағалы болғанын қалағанын түсіндім. 2006 жылы ма екен, 25 қазанда тойға шақырды. Қазақ қызға үйленді. Бәріміз қатты қуандық. "Батырханды қайтыс боларының алдында 1-2 ай бұрын көрдім. "Қазмедиада" едім, Rixos-қа шай ішуге шақырды. Қасында ұйымдастырушы әйел болды. Неге шақырғанын сұрасам, "Жай сөйлесейін дегенмін, бөпелерің қалай" деді. Содан "Үйге жүріңіз, шай ішіңіз" деп едім, "Жоқ, мен 1 күнге келдім, бәрі жақсы" деп көп ашыла қойған жоқ. Әрине, өкінішке қарай, Батырдың артынан қалған жалғыз ұрпағы Мақсұтты көп көрмейміз, ол туралы көп ести де бермейміз. Кейде қазақтың сондай мықты жігіттерінен ұрпақ көп қалғаны дұрыс па еді" – деп ойын бөлісті БАҚ өкілі.
Еске салайық, Ұлттық банк Батырхан Шүкеновтің туған күніне орай коллекциялық монеталар шығарған еді.