Жалған нөмірмен жол ережесін бұзған: Шымкентте AMANAT партиясының депутаты 4 тәулікке қамалды
Видеодан скрин
Шымкентте жалған нөмірмен жол ережесін өрескел бұзған депутат қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың ісі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша арнайы ауданаралық сотта қаралды. Оған “жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлі көлікті басқару" бабы бойынша айып тағылған.
Сотта депутат өзін ақтап, нөмірді басқа көліктен өзінің көлігіне бауыры орнатқанын және өзі бұл жағдайды байқамағанын айтты.
Сот депутатты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 тәулікке қамау және 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде әкімшілік жаза тағайындады.
Полиция департаменті депутатқа тағы бес құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырып, оған жалпы сомасы 180 АЕК (707 760 теңге) көлемінде айыппұл салынғанын атап өтті.
Ал AMANAT партиясының Түркістан облыстық филиалы депутаттың партиялық жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
"Жасаған құқық бұзушылықтарының сипатын ескере отырып, Байдібек аудандық AMANAT партиясы филиалы саяси кеңес бюросының аудандық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша Ерғали Аманбаев “сөгіс” түріндегі партиялық жауапкершілікке тартылды", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың жол ережесін өрескел бұзған сәті түсірілген видео тараған еді. Кейіннен депутаттың көлігінің мемлекеттік нөмірі де жалған екені белгілі болды.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
