“Жалған бланкілерді пайдаланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мөрін қояды”: Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды алаяқтардың жаңа схемалары туралы хабардар етіп, сақ болуға шақырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
“Алаяқтар жұмыс орындарында белгілі бір тұлғаларға қатысты тексеру жүргізілетіні туралы жалған хабарламалар таратып, құжаттар ұсынуды сұрауда. Сенімге кіру үшін олар Қаржылық мониторинг агенттігінің логотипі бар қолдан жасалған бланкілерді пайдаланып, жалған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) мөрін қояды”, – делінген хабарламада.
Кейін олар агенттік қызметкері ретінде байланысып, азаматтардың банктік шоттары туралы мәлімет алуға тырысады.
Махаббат пен алаяқтық: Қазақстандықтар танысу сайттарында қылмыскерлердің құрбаны болып жатыр
“Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай тексерулер жүргізбейтінін, жеке тұлғаларға сұраныс жібермейтінін және телефон арқылы ақпарат сұрамайтынын ресми түрде мәлімдейді. Күмәнді жағдайларда ақпараттың шынайылығын тексеру үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе тұрғылықты жеріңіздегі Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуге кеңес береміз. Азаматтарды қырағылық танытуға, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырамыз”, – деді агенттік өкілдері.
Еске салсақ, осыған дейін Арзан бағада гүл сатамыз деген алаяқтар 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қазақстандықтарды алдып соққанын жазған едік.