Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалдау ақысы – айына 20 млн теңгеден асады": Назарбаев Мәскеудің элиталық ауданында құпия саяжайды жалға алған

Назарбаев Мәскеудің элиталық ауданында құпия саяжайды жалға алғанФото: Назарбаев жалға алған саяжай қызыл нүктемен белгіленген 

Ресейдің жоғары басшылығын күзететін Федералдық қорғау қызметі 2015 жылдан бері Воробьево тауындағы тарихи жекежайларды билікке жақын саясаткерлер мен миллиардерлерге жалға беріп келген. Сол құпия элиталық елдімекеннен саяжайды жалға алғандардың қатарында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ресейлік “Проект” басылымының тергеу материалына сілтеме жасап хабарлайды.

Назарбаев жалға алған саяжай Косыгин көшесінде, шолуға арналған алаңнан бір шақырым жердегі, “Мосфильм” павильондарына жақын орналасқан. Бұл жекежайлар 1950-жылдары КОКП Орталық комитетінің мүшелері үшін арнайы салынған.

2015 жылы Федералдық қорғау қызметі жекежайларға реконструкция жүргізіп, тек Никита Хрущёвтің бұрынғы резиденциясын ғана сол күйі қалдырған. Сол кезде бұл резиденцияға Ресей президенті Владимир Путиннің досы әрі миллиардер Геннадий Тимченко ие еді.

Осыдан кейін қорғау қызметі бұл ғимараттарды өз қажетіне пайдаланбай, мемлекеттік күзет қойылған құпия елдімекендегі жоғары лауазымды шенеуніктер мен бизнесмендерге жалға бере бастаған. “Проект” басылымынд айтылғанда, жекежайды тек саяси протекция арқылы алу мүмкін болған. Басылым мәліметінше, элиталық тұрғын үйлерді негізінен төрт негізгі топ иеленген:

  1. Путин дәуіріндегі мемлекеттік қызметкерлер (ең көбі);
  2. Мемлекетпен байланысының арқасында табысқа жеткен ірі бизнесмендер;
  3. Кремль алдында еңбегі сіңген мәдениет және спорт саласындағы белгілі тұлғалар (мысалы, хоккейші Александр Овечкин мен әнші Олег Газманов);
  4. Күмәнді тұлғалар, “делдалдар” және олардың туыстары.

Аталған аумақтағы үйлердің бірі Назарбаевтың атына тіркелген. Ғимарат Мичуринский даңғылында орналасқан.

Қазір Google картасының деректеріне снесек, Нұрсұлтан Назарбаев жалға алған саяжайдың орнында Еркін күрес федерациясына тиесілі кешен орналасқан.

Назарбаев Мәскеудің элиталық ауданында құпия саяжайды жалға алғанФото: Карта

Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, бұл үйлерді бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Валерий Герасимов, сондай-ақ миллиардерлер Геннадий Тимченко мен Роман Абрамович те жалға алған. Мұндай жекежайды жалдау ақысы – айына шамамен 3,1 млн рубль. Теңгеге шаққанда қазіргі бағаммен 20 миллион теңгеден сәл асады.

Басылымның дереккөздері мұндай құпия елдімекенде адамдар жайлылық үшін емес, “бедел және билікке жақын болу үшін” қоныстанады деп түсіндірді. Кейбір тұрғындар, соның ішінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Роман Абрамович бұл жерде тұрақты тұрмаған, тек анда-санда ғана келіп тұрған.

Айым Болатқызы
Сенбі, 15 Қараша, 2025 08:25
Талқылау