"Жалдамалы пәтерде пештен улана жаздаған": Қостанай облысында қамқоршылық орган жалғызбасты анаға балаларын бермей отыр
Қостанай облысының Тобыл қаласында жалғызбасты ана балаларын қамқоршылық органынан ала алмай отырғанын айтып көмек сұрады. Айтуынша, бұған жалдамалы пәтерінде болған оқыс оқиға себеп болған. Баспанада отбасы көміртегі тотығымен уланып қала жаздаған. Жүрегі айнып құсқан балаларын ауруханаға жеткізген ана кейін оларды қайта алып кете алмай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжет кадрларынан
Жалғызбасты ана қарапайым өмір сүреді. Бірақ оның жағдайы балаларынан айыратындай санатқа жатпайды.
“Келдім, бәрін жуып тазалап, қайтадан ақтадым. Кейін әкімдіктен мектептен ұлымның мұғалімі келіп, суретке түсіріп әкетті. Балаларды алып кететінін ешкім ескерткен жоқ. Бұлай болатынын білгенде бір мәнісін ойластырар едім. Барлығы тез әрі бірден осылай болып кетті. Ауруханаға барып, балаларды алып кетемін деп ойлағам, бірақ берілмейтінін айтты”, – деді көпбалалы ана Ақбота Қожамқұлова.
Пәтердің пеші шынымен де қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сондықтан қамқоршылық органдары тұрғын үй мәселесі шешілгенге дейін балаларды бейімдеу орталығына орналастырды. Жалғызбасты ана пәтерде кезекте тұр. Бірақ ол баяу қозғалып жатыр. Әйелдің бес баласы бар. Үлкені жақын арада үйге оралады. Қалғандары мектепте оқиды. Мұғалімдер тарапынан анасына ешқандай шағым жоқ.
“Бізде балаларды отбасынан алшақтатып, ата-ана құқығынан айыруға ешқандай себеп жоқ. Тек балалардың қауіпсіздігі үшін әрекет етеміз. Отбасына беру үшін олардың қауіпсіздігіне, өмірі мен денсаулығына қауіп төнбейтініне сенімді болуымыз керек”, – деді Қостанай ауданының білім бөлімінің сектор басшысы Динара Ержанова.
-
"Маска таққан адам" өрт кезінде отбасынан айырылған жасөспірімге баспана сыйлады
Әкімдік заң бойынша жалғызбасты анаға қазір көмек қарастыра алмайтынын жеткізді.
“Әкімдіктің балансында бос тұрғын үй жоқ. Барлығы кезекте тұрғандарға уақытымен беріледі”, – деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева.
Бұл пәтерде көміртегі тотығы датчиктері жоқ. Пеш қазірдің өзінде ескірген. Мұнда өмір сүруді жалғастыру өте қауіпті. Бірақ отбасы басқа үйді жалға ала алмайды. Себебі тым қымбат.
Нәтижесінде комиссия көрші ауылда тұратын көпбалалы ананың ағасының үйінде тұру жағдайларын тексеруге шешім қабылдады. Егер сұрақтар туындамаса, балалар сонда жіберіледі.