Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалаң сымдар, дымқыл қабырға": Түркістан облысында әкімдік 10 балалы отбасыға тұруға жарамсыз пәтер берді

Түркістан облысында он баласы бар жалғыз басты әйелге әкімдік тұруға жарамыз пәтер берген. Көпбалалы ана жылуы да, жарығы да жоқ баспанада тұру мүмкін емес деп шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Көпбалалы ана Елена Данькованың мемлекеттен баспана алуға әлі кезегі келмеген. Сөйтіп жергілікті әкімдік оған жалдамалы баспана ретінде уақытша пәтер берген. Алайда жалғызбасты ана онда тұру мүмкін емес екенін айтады. Айтуынша, үйде жарық та, жылу да жоқ. Балаларының кенжесі бар-жоғы бір жастан енді асқан. Елена Данькова күйеуі қайтыс болып, тағдыр тәлкегіне түскен. 

“Бұл үйді осыдан 3 жыл бұрын, баспанаңа кезегің келгенше деп берді. Бұған дейін пәтер жалдап біраз жүрдім. Енді ақша таусылған соң осында тұруға мәжбүрмін. Бұл үйде тұрғым келмейтін себебім, балаларым үнемі қызуы көтеріліп ауырады. Сымдар қалай болса солай, жалаң тұр, розетка жоқ. Ойда жоқта бала қолын тығып алса не болады? 220 вольт. Қабырғалар дымқыл тартады, балаларды суықта тұрғызуға қорқамын”, – дейді жалғызбасты ана.

Айтуынша, балалар күндіз үйде болса, кешке қонауға әжесінің үйіне барады. Жазда Елена баспана алу кезегі жақындап қалғаны туралы хабарлама алған. Бірақ әйел жаңа пәтерге сол күйі қол жеткізе алмаймын ба деп қорқады.

“Әкімдікке барсам “неге келдің, үй алдың ғой, ұнамасы оны да тартып аламыз” деді”, – дейді ашынған ана.

Фото: Видеодан скрин

Ал әкімдіктегілер сұрықсыз пәтерде өмір сүруге әбден болады деп санайды. Тіпті олар жылу жүргізу үшін қазандық орнатуға жарты миллиондай қаражат бөлуге дайын. Алайда жөндеу жұмыстары туралы әңгіме де болған жоқ. 

“Бір реттік көмек сұрап әлеуметтік қамсыздандыруға жүгіндік. Ол бұл ақшаны терезе, радиатор немесе қазандық жасауға жұмсайды”, – дейді Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Болысбек Ешімбетов.

Әкімдік Елена Данькова пәтерді осыдан үш жыл бұрын алғанда баспана толық жөндеу жұмысымен берілгенін айтады. Алайда келіншек пәтерді алғаш алғанда-ақ әкімдікке хабарласып, үйдің жағдайы туралы айтқан. Елена Данькова өзіне және балаларына тұруға болатын пәтер беруін және баспанаға кезек мәселесін шешіп беруін сұрайды. Қазір ол кезекте 96-ншы болып тұр.

Талқылау