"Жалақысы 500 мың теңге деп шақырады": Қазақстандық жігіт есірткі тасымалдау туралы жұмыс ұсынатындардың қысымына ұшырағанын айтты
Фото: Рexels.com
Желі қолданушылары есірткі тасымалдау жұмысын емін-еркін ұсынып, қазақстандықтарды “жалақысы 500 мың теңгеден жоғары” деп еліктіріп жүр. Жұмыс іздеп жүргендер есірткі тасып ақша табуды ашық жарнамалап жүргендердің әрекетіне аң-таң. Ішкі істер министрлігі мұндай қылмысы үшін қазақстандық азаматтың 5 жылға сотталатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бекзат есімді желі қолданушысы жұмыс іздеп жүріп, қызық вакансия ұсынушыға тап болған. Ол 33 жаста Алматы қаласында тұратынын айтқан соң Тома есімді жұмыс ұсынушы одан заңсыз табыс көзіне қалай қарайтынын сұраған. Айтуынша, жалақысы 500 мың теңгеден асып түседі. Алайда қазақстандық мұның есірткіге байланысты екенін біліп, бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан. Бірақ Тома оны сөзге тартып, көндіруге көшкен.
Фото: Әлеуметтік желіден
“Мынау сұмдық қой! Жұмыс іздеп едім, ашықтан-ашық. Осы үшін қанша адам өліп жатыр. Бұлар өстіп жүріп оқушыларды тартады”, – деп жазды ол.
Енді бірі есірткі түрлерімен жұмыс істейтінін, айына 300 мың теңге табуға болатынын айтып, жұмыс ұсынған. Бірақ ол ұсыныстан бас тартқан адамды сұрақтың астына алып, сөзбен қысым жасаған.
Фото: Әлеуметтік желіден
Тағы бірі адамдармен көрісіп, сөйлеспей-ақ аптасына 420 мың теңге табуға болатын жұмыс ұсынды. Мұнда да еш жасырмастан жұмыстың наркотикалық заттармен байланысты екені жазылған. Жеткізушіге тауардың суреті мен орны туралы ақпарат беріледі. Ол алып кетіп, тауарды қолайлы жерге қойып, жасырған жерінің суретін жібереді. Сондай-ақ жазбада жеткізушінің табысы өзіне байланысты екені, көп тауар алса, сәйкесінше, еңбекақысы да жоғары болатыны жазылған. Шамамен 2-3 сағатта 45 мың теңге деп көрсетілген.
Осы тұста ішкі істер министрлігі кейінгі жылдары елімізде интернет және әлеуметтік желілер арқылы есірткі тарату жұмысына тарту фактілері тіркеліп жүргенін растады. Ведомствоның мәліметінше, мұндай ұсыныстар жасырын Telegram-арналар, фейк аккаунттар, жарнамалық чаттар арқылы таратылады.
“2025 жылдың алғашқы 5 айында интернет арқылы жұмыс ұсынған жүздеген адам ұсталды. Бұл үшін қолданылатын шаралар мен жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 297 және 299-бабы бойынша сараланады. Бұл баптарға сәйкес, кінәлілерге 5 жылдан жоғары бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді есірткі таратуға пайдалану жағдайлары да тіркеліп отыр. Мұндай фактілер – қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жай”, – деп жауап берді ішкі істер министрлігі.
Сондай-ақ ведомствоның дерегінше, ішкі істер органдары "Кибербақылау" және басқа да ақпараттық бағдарламалық кешендері сияқты жүйелер арқылы интернеттегі күмәнді жарнамаларды анықтайды.

"Президенттің ұзақ мерзімге отыруы қате": 14 жыл бойы ЕҰУ-ды басқарып келе жатқан Ерлан Сыдықов әлеуметтік желіде сынға қалды
