Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалақым туралы ақпараттың жария болуы — маған көрсетілген құрметсіздік — Михаил Шайдоров

Михаил ШайдоровФото:ҰОК

Мәнерлеп сырғанаудан Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров өзінің жалақысы ашық түрде жария болғанына ренішін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, бұл әрекет – спортшыға және адам ретінде оған көрсетілген құрметсіздік.

"Мен үшін өзімнің жалақым туралы ақпарат жария болғаны жағымсыз болды. Мен оны спортшы және адам ретінде маған көрсетілген құрметсіздік деп санаймын. Барлығының назары менің жалақымда болғаны мені таңғалдырды әрі мен мұны түсінбеймін. Мен тек тынымсыз жаттығып, нәтиже үшін еңбек еттім", – деді Михаил Шайдоров.

Спортшы ешқашан шағымданбағанын және берілген қаражатты тек дайындыққа жұмсағанын атап өтті. Ол тарихи жетістіктен кейін де барлығының назары спортшының жалақысында болғаны таңғаларлық жағдай деп санайды. Михаил спортта медальға емес, нәтиже мен оған жету жолындағы тынымсыз еңбекті бағалау керек екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар Михаил Шайдоров шығынның көп бөлігін отбасы мен қамқоршылары көтергенін, бірақ бұл ақпаратты ашық жария етудің қажеті жоқ екенін айтты.

Ол мәнерлеп сырғанаудағы көп шығын заңмен қарастырылмағанын айтып отыр. Мәселен, жаттығуларға арналған жедел іс-сапарлар, күнделікті шығындар, арнайы киімдер, музыкалық лицензиялар сияқты барлық шығын кіреді, және бұл қаражаттың бәрін спортшы өзі төлейді.

Михаил Шайдоров 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болғананнан кейін ғана оған назар аудара бастаған көрінеді. Әлем чемпионатының күміс жүлдесінен кейін спортшының жалақысын көтеріп, бапкерлер мен мамандардың қаражатын төлеген. Бұған қоса Алматы мен Астанада мұзайдындар беріліп, бағдарламаларға киімдерге және дәрігерлерге ақша төленіпті.

Бұған дейін спортшы ең болмағанда жалақысын ең аз мөлшерде болсын көтеруді сұраған екен. Себебі оның сол кезде алып жүрген қаржысы тіпті күнделікті дайындыққа да жетпепті.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров Миланда өткен ХХV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанға тарихи алтын сыйлады.

Ол қысқы бағдарламада бесінші орынға тұрақтаған. Ал Михаил Шайдоров еркін бағдарламада сәтті өнер көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан қоржынына 32 жылдан кейін қысқы Олимпиада ойындарынан түскен екінші тарихи алтын жүлде.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 13:05