Елімізде жалақыға дейін берілетін шағын онлайн-несиелерді алып тастау ұсынылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 172 500 теңге сомасына берілетін шағын кредитті толығымен алып тастауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттіктің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде 297 мың адамның 37 млрд теңгеге проблемалық онлайн-микронесиесі бар.
"Мұндай онлайн-микрокредиттер немесе жалақыға дейінгі қарыз қашықтан беріледі. Көп жағдайда қарыз алушы тиісті деңгейде сәйкестендірілмейді, оның төлем қабілеттілігі бағаланбайды. Осыған байланысты агенттік 45 күнге дейін берілетін және сомасы 50 АЕК-тен (172 500 теңге) аспайтын шағын кредитті толығымен алып тастау туралы бастама көтерді", – деді Әбілқасымова парламенттік тыңдауда.
Ол онлайн несиелеу компаниялары өз қызметін жалғастыра беретінін айтты. Алайда шағын несиені кез келген мерзімге барлық микрокредиттік ұйым үшін бекітілген бірыңғай ставкамен беруге тиіс.
Қазіргі таңда республикада 254 микроқаржы ұйымының ішінде 50 компания онлайн несиелеумен айналысады.