Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақы мен сыйақы сомасын шамадан тыс көтерген": Ақтөбе облысында балабақша басшылығы 240 миллион теңге жымқырған

Ақтөбе облысында балабақшаларда басшылық бюджет қаражатынан 240 миллион теңгеден астам ақша жымқырған. Олар есепшімен бірігіп қызметкерлерге берілетін жалақы мен сыйақылар сомасын шамадан тыс көрсетіп отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбе облысының прокуратурасының мәліметінше, бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері Хромтау және Мұғалжар аудандарынан анықталған.

“Бюджет қаражаттары жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген.

Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен қатар есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген”, – делінген хабарламада.



Деректерге сенсек, бұл қаражаттар ешқандай негізсіз есепші мен балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.

“Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушісі мен 4 есепшісіне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Барлық көрсетілген факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Талқылау