Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жақсы достар шынымен де жақсы бола бермейді": Терезеден құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәрдің күнделігі жария болды

Фото: instagram.com/aqnar

Былтыр шілдеде Алматыда тұрғын үйлердің бірінің 7-қабатынан құлап қаза болды делінген марқұм Ақнәр Хамитованың күнделігі жария болды. Бойжеткеннің күнделігін журналист Руслан Өтепбай Ақнәрдің анасы Гүлстан Хамитпен болған сұхбат барысында оқып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Күнделіктің мұқабасында Ақнәрдің есімі және өмірлік ұстанымы жазылған екен. 

"Ұраным – болатын істердің барлығы мен үшін пайдалы", – деп жазыпты Ақнәр. Бойжеткен күнделігін 2024 жылғы қаңтардан бастап жазған екен.

2024 жылғы 13 қаңтардағы жазбасы: "Мен өзімнің ерекшелігіммен, ерекше стиліммен көптеген мәртебелі тұлғаның қолдауына ие боламын. Олар мені қолдап, қуаттап, менің қабілетімді ашып, маған сенім артады. Осылайша мен жарқырай түсемін. Мен сабырлы, әдемі, ақылына көркі сай, кемел әйел заты боламын. Режиссер Ақан Сатаевтың фильмін сәтті аудардым және Шанхайдағы кинофестивальге қатыстым. Менің көрген бір түсімді жазып кетейін. Жаңа жылдан кейін көрген түсім. Түсімде мен бір әділет органында қызмет етіп жүр екенмін және органнан тарихи жәдігерді алып келу міндетін алдым. Жәдігер – ақ түсті, өте әдемі, жүрек тұсы жарқыраған әулие мүсіні. Бір адам маған көмектесетіндей болып көрінді, бірақ шын мәнінде ол адам жәдігерді ұрлағысы келді. Бірақ бәрібір мен жәдігерді алып кеттім. Мен бұл түсімді жақсыға жорыдым. Жаңа жылда маған батыстан жақсылық келіп, жетістікке жететінімді көрсетеді. Биыл мен көп байлық пен сәттілікке ие боламын. Мен топты жарған сәйгүлік боламын…"

Ал үш күннен кейін, яғни 16 қаңтарда былай деп жазыпты: "Бүгін өзімнің түйген ойларымды жазамын. Осы бір жылда көп өзгергенімді сезіп жүрмін. Әсіресе ішкі жан дүниемнің өзгерісі. Шүкіршілік етуді үйрендім. Мен өзімде бардың бәріне шүкіршілік етемін – денімнің саулығына, басымның амандығына, отбасым мен достарыма, кездестірген әрбір мүмкіндікке шүкіршілік етемін. Ішкі жандүнием тыныш. Барлық нәрсе мен үшін пайдалы деп сенемін. Мен әрқашан осыған сенемін. Сонымен қатар мен барлық мәселені сабырмен шешуді үйрендім. Өйткені барлық қиындық шешіледі. Жоғалту мен табу қатар жүреді. Бұдан кейін тек рухымның еркін, жанымның жайлы болуын ғана ойлаймын. Биылғы өзгерістердің тағы бірі – өмір сұру салтыма көбірек көңіл бөле бастадым… Менің өмірім мол жақсылыққа бағыт алып барады. Болашақта өмірім ары қарай жақсы бола береді". 

Марқұм 2024 жылғы 7 ақпанда күнделігіне достары туралы ойын жазыпты: "Бұл семестрде академиялық демалысқа шықтым. Орта ауыстырып, демалудың уақыты келген сияқты. Әрине мұның барлығы анамның қолдауының арқасында болды. Мені ерекше сүйетін анама өте ризамын. Ол менің мықты тірегім. Қазір еш нәрсе жасай алмасам да, болашақта оған әлемдегі ең жақсы нәрселердің барлығын сыйлаймын және осы мақсатқа жетуге күш саламын. Сонымен қатар екі әпкем мен кішкентай періште сіңлімнің өмірде болғанына ерекше алғыс айтамын. Олар өмірімнің маңызды бөлшегі. Олар болмағанда менің өмірім кемел болмас еді. Тағы бір нәрсені түсіндім – барлық жақсы дос шынымен де жақсы бола бермейді. Олар саған шын жүрегімен ақтарылуы мүмкін немесе мен бір нәрселерді жеткілікті жасамаған болармын, бірақ түсінгенім – бәрібір өзіңе сүйенесің".

2024 жылғы 8 қаңтарда Ақнәр 2024 жылға арналған арман-мақсаттарын жазыпты:

"Бірінші. Қоғамдағы мәртесебі жоғары, танымал жұлдыз, актриса боламын. 

Екінші. Көп ақша табамын, жаратқанымның барлығы доллар болады. Еш нәрседен тарықпаймын.

Үшінші. Университетті сәтті бітіремін.

Төртінші. Мені шын жүректен сүйетін, құрметтейтін, сымбатты, сұңғақ бойлы, қабілетті, ой-өрісі кең, салмақты, қалталы азаматты жолықтырамын, онымен қарым-қатынасым тез дамып, менің сүйген жарым болады.

Бесінші. Соңғы модельдегі көлік және өзім тұратын сәулетті үй сатып аламын.

Алтыншы. Бренд сөмкелер, косметика, киімдер, аяқкиімдер, сағаттар сатып аламын.

Жетінші. Шетелге саяхатқа шығамын, Шенген визасын аламын. Одан кейін Кореяда тағы бір ай қыдырамын. Отбасымды да шетелге алып барамын. Мен және жанұям амандық пен есендікте боламыз.

Мен жоғарыда айтылғандардан да жақсы нәтижелерді қабылдауға дайынмын. Сонымен қатар қазір менде бар барлық нәрсеге разымын. Ниеттен таймасам ғана сөзсіз қайтарымы болады".

Айта кетейік, бұған дейін марқұм Ақнәр Хамитованың анасы Гүлстан Хамитқызы өздігінен құлап қаза болды дегенге сенбейтінін жеткізген еді. Ол 14 мамырда журналистерді жинап, қызын құрбылары азаптап өлтірді деген күдігі барын айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокуратурадан тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен еді.

23 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында оқиға болған күні үйде болған қыздардың бірінің адвокаты Жандос Палманов оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 26 Мамыр, 2025 18:57
Талқылау