"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады
Фото: Видеодан скрин
Былтыр қыркүйек айында Түркістан облысы, Ленгер ауылындағы №55 мекемеде болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты сот үкімі шыққан еді. Сот түрмеде отырған 13 жазасын өтеушінің әрқайсысын 9 жылдан бас бостандығынан айырған. Алайда темір торға тоғытылғандардың ата-анасы бұл шешіммен келіспейді. Олардың айтуынша, сотталғандарға негізсіз айып тағылып, нақты дәлелдер ескерусіз қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Екі басшының таласы кесірінен, ұлым құрбан болып отыр”
Дәл қазір бұл істе 13 жазасын өтеуші бар. Олардың ата-анасы балама негізсіз айып тағылды деп отыр.
Олардың бірі сотталушы Намазбаев Нұрсұлтанның анасы Роза Мұсаева. Оның сөзінше, ұлының мекемедегі бүлікке мүлде қатысы жоқ. Балам аяқ-асты күдіктіге айналып шыға келді дейді жүрегі қан жылаған ана.
“2025 жылдың 25 қыркүйегінде ұлымның куә ретінде Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан 167/11 түзеу мекемесіне бара жатқаны айтылды. Балам ақталуға мүмкіндігі бар куә болып кетті. Алайда тергеу басталғанда, ол кенеттен күдіктіге айналып шыға келді. Ұлым Ленгердегі №55 мекемеде тоғыз жылдан бері отыр. Сол уақыт ішінде цехта тұрақты жұмыс істеді. Цехтағы қолданылмай тұрған екі бөлмені толық жөндеп бердім. Төбесінен бастап, жарық қосқыштарына дейін өз қаражатыммен жасадым. Мақсатым баламның тыныш жұмыс істеуіне жағдай жасау еді. Ұлым сол жерде оқып, үш куәлік алды, кейін астаулар жасауды үйренді. Содан бері тек сол іспен айналысып келеді. Тоғыз жыл ішінде бірде-бір тәртіп бұзбаған, ескерту алмаған”, –дейді сотталушының анасы.
Сотталушының анасы Роза Мұсаеваның айтуынша, мекемеде бүлік басталған кезде баласы бөлмеде отырған. Десе де түрме қызметкерлері оны ұрып-соқты деп айыптапты.
“Тергеу кезінде мекеме қызметкерлері “Ұлыңыз біреуді ұрды, соқты” деп айып тақты. Алайда өрт басталған сәтте, ұлым өз бөлмесінде намаз оқып отырған. Бұл видеода толық көрсетілген. Өрт басталды деген хабардан кейін, намазын аяқтап, сыртқа шыққан. Сол сәтте адамдар әскери жасақты ортаға алып, ұрып жатқан жерге тап болған. Жиналған топ балама қарай келген кезде отырып қалып, қайта тұрады. Оның ешкімді ұрмағаны видеода анық көрінеді. Ұлымның сол кездегі іс-қимылы туралы видеоны сараптамаға жібердік. Тіпті сарапшыны сотқа шақырдық. Сарапшы: “Бір секундта 4–5 қимылды түсіретін аппараттар арқылы талдадық. Ол бала біреуді ұрып-тебуі үшін, белгілі бір қозғалыстар болуы керек. Бұл баланың әрекеттерінде ондай қимылдар жоқ, ұрып-соқпаған” деп айтты”, – дейді Роза Мұсаева.
@zanhelp Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз жүргізіп отырған «Әділетті Қазақстан» қағидаттары қарапайым халыққа үміт сыйлады. Алайда, тәжірибеде кейбір мәселелер азаматтардың құқықтары толық қорғалмай отырғанын көрсетуде. Осыған байланысты, мен Сізден аталған жағдайды жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймын. Әділ шешім қабылданатынына сенім білдіремін.#президент #баспрокуратура #жогарысот #рекомендации #жазықсыздар ♬ original sound - ZanHelp
Роза Мұсаеваның айтуынша, тергеуде куә болған қызметкерлердің айғақтары бір-біріне мүлде сәйкес келмейді. Олардың әрқайсысы әртүрлі нұсқа айтыпты.
“Бірі “жұлқылап құлатты” деді. Енді бірі көзбен көргендей “аяқтан, оң аяғынан, бір санынан тепті” деп айтты. Олардан баламның үстінде қандай киім болғанын сұрап едім, “қара” деп айтты. Алайда ұлым сұр спорттық киім киіп, ақ аяқ киіммен жүрген. Соңына дейін олардың айғақтары дәлелденбеді. Сот үкімінде ұлымнан ұрып-соқты деген айыпты алып тастады. Алайда соған қарамастан, айыпталушы 13 адамның ішінен, ұлымды топты басқарушы деп таныды. Себебі, түрмеде ең аз отырғандары 3–5 жыл аралығында, ал менің балам 9 жыл отырған. Сол себепті оны “басқарушы" деп танып, ең ауыр жаза берді”, – дейді Намазбаевтың анасы.
Мұсаеваның сөзінше, сотқа сол кезде мекеме басшысының орынбасары болған Нұрлан Әбденқұловтың ықпалы болды. Себебі сот дәл сол адамның ыңғайына қарай жұмыс істеді дейді.
“Кейін сараптама барысында Әбденқұловтың ай сайын цехтағы балалардан әртүрлі бұйымдар сұрап отыратынын (астаулар, домбыралар және т.б.) білдік. Басында ұлым заттарды жасап беріп жүрген, кейін бас тартқан. Сол сәттен бастап екеуінің арасында кикілжің басталған. Ұлым жууға киім-кешек, сөмкесін беріп жіберген. Сол кезде сөмкесінен арызын тауып алдым. Онда: “Әбденқұлов маған тыныштық бермей жүр. Егер маған бірдеңе болса, соны кінәлі деп біліңіздер” деп жазылған. Ұлым ол арызға саусағын қанымен басып, қолтаңба қалдырған. Бұл құжатты сотқа тапсырдым, көшірмелері де бар. Әбденқұлов қызметке 2022 жылдың шілде айында кіріскен. Ол келе салып, ұлыма қоқан-лоқы көрсеткен. Ештеңе дәлелдей алмаған соң кінәлі етіп отыр. Баламды күндізгі сағат 11:00-ден, түнгі сағат 23:00ге дейін басқарып жүрді деп көрсеткен. Алайда видеода ол уақытта балам намаз оқып, тамақтанып, теледидар қарап отырған”, –дейді Роза Мұсаева.
Роза Мұсаеваның сөзінше, басқа сотталғандар өз ісін мойындаса да, ұлы кінәлі деп танылып отыр екен.
“Қақтығыс 2024 жылдың 20 қыркүйегінде болса, біз 19 қыркүйекте 500 мың теңгеге ағаш сатып алып, цехқа кіргіздік. Оның барлық квитанциясы, құжаттары іске қосылды. Егер ұлым бүлік ұйымдастырған болса, бір күн бұрын цехқа материал әкелмес еді. Бұл дәлелдер мүлде ескерілмеді. Іс материалдарында басқа сотталғандардың өз еркімен жазған мойындау хаттары бар. Тіпті қақтығыс кезінде ұлымның дәл жанында тұрған қызметкер сотта: “Ол ұрған жоқ” деп нақты айтты. Ал басқа қызметкерлер алыста тұрып, тобырдың ішінен баламның біреуді ұрғанын “көрдік” деп отыр. Мұны қалай түсінуге болады?”, – дейді сотталушының анасы.
Роза Мұсаева мемлекет басшысы Тоқаевтан көмек сұрап, істің әділ түрде қаралуын бақылауды сұрады.
“Балама бұрынғы жазасына тағы 9 жыл қосылды. Енді оның тағдыры не боларын білмеймін. Барлық дәлел әділ түрде қайта қаралса екен. Осы жайында халықтан, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан әділдік сұрағым келеді. Жақында апелляциялық сотқа жүгіндім. Егер ол да әділ шешім шығармаса, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға, қажет болса халықаралық сотқа жүгінемін. Өйткені балам бұл істе мүлде жазықсыз. Бұл істің өзі әдейі ұйымдастырылып отырғандай көрінеді. Түрмедегі жағдай нашар, сынған камералардың бәрі ескі болған. Қазір соны “камера сындырды”, “мекемені өртеді” деп үлкейтіп көрсетіп отыр. Негізгі себеп мекеме басшысы Қамбаров Жанболат пен оның орынбасары Әбденқұлов арасындағы ішкі бақталастық деп ойлаймын. Сол тартыстың ортасында балам құрбан болып отыр”, – дейді сотталушының анасы.
Қазір сотталушы Намазбаев Нұрсұлтан Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан 167/11 түзеу мекемесінде тергеу изоляторында отыр екен. Анасының сөзінше, егер жалған айып болмағанда, ол 2025 жылдың маусым айында шығуы керек еді. Бостандыққа шығуды күтіп отырған адам мұндай қылмыс жасайды дегенге сенбеймін дейді жүрегі қан жылаған ана.
Бұл іске қатысты басқа да сотталушылардың ата-анасы Тоқаевтан істің әділ тергелуін сұрап отыр.
“Жағдайы төмен отбасыдан шыққандарға жала жауып отыр”
Жағдайға қатысты адвокат Аселай Ақбалақызы пікір білдірді.
Оның сөзінше, Ленгердегі №55 мекемеде болған бүлікке мекеме бастығы Жанболат Қамбаров пен оның орынбасары Нұрлан Әбденқұлов арасындағы кикілжің себеп.
“Қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеушілер жаңадан келген кезде, олардан ақша талап етілетіні туралы әңгімелер бар. Мүмкін, сол қаржыға байланысты бөлісе алмау, біріне артық, біріне кем тиіп қалу себеп болған шығар. Сосын Әбденқұлов жергілікті аймақтан сотталғандарды жинап, қатаң сөйлескен. Содан соң мекемеде Қамбаровтың адамдары және Әбденқұловтың адамдары деген екі бөлек топ қалыптасқан. Бұл мәліметтер менің жеке пікірім емес, сотталғандардың өздері хат арқылы жеткізген ақпарат”, – дейді адвокат.
Сондай-ақ адвокат соттың нақты дәлел таба алмағанын айтты.
“Алдымен Жәнібек Амангелдиев электр желісіне оралған материалды (шик) өртегенін мойындады. Сол кезде бейнекамералар да сынған. Камера сындыру фактісі Қылмыстық кодекстің 428-бабының 1-бөлігі (Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау) бойынша қаралуы тиіс еді. Егер жеке әрекет болса 2 жылға дейін, ал адамдар топ болып жасаса 5–10 жыл аралығы. Алайда бұл іс объективті тергелмеген. Атап айтқанда, Намазбаев Нұрсұлтанға қатысты нақты соққы әрекеті дәлелденбеген. Қалған сотталғандарға мүлде сараптама жүргізілмеген”, – дейді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, жаза арқалаған Намазбаев Нұрсұлтан бүлік болған күні адамдарды жай ғана тыныштандыруға тырысқан. Десе де ол осы үшін сотқа тартылып отыр.
“Сотталушы Намазбаев Нұрсұлтан ешқандай тәртіп бұзбаған, қолөнермен айналысып, жазасын тыныш өтеп жүрген. Оқиға күні ол тек: “Тынышталыңдаршы” деп айтқан. Осы бір ауыз сөзі үшін оны “ұйымдастырушы” деп танып отыр. Бүлік кезінде тұрған камералардың кесілгені, қайта жалғанғаны анық көрінеді. Сонда: кесілген, жойылған дәлелдер сотта қалай дәлел ретінде қабылданды? Бұл сұраққа ешкім жауап бермеді”, – дейді адвокат.
Адвокаттың айтуыынша, мүлде ешкімді ұрып-соқпаған жазасын өтеушілерді 9 жылға бас бостандығынан айырған.
“Бұл істе нақты 2 адам ғана жарақат алған. Бірақ сот 8 адамды жәбірленуші деп таныған. Олардың ешқайсысы: сот-медициналық сараптамадан өтпеген, дәрігерге қаралмаған. Соған қарамастан, судья оларды жәбірленуші деп тану туралы қаулы шығарған. Нәтижесінде, ұрмаған, соқпаған адамдар 9 жылға сотталды. Барлығы 13 адам 9 жылдан жаза алды. Ал қылмысты ашық мойындаған кейбір тұлғалар мүлде сотқа тартылмады”, – дейді адвокат.
Адвокат Аселай Ақбалақызының айтуынша, бұл істе заң талаптары өрескел бұзылып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға жала жабылған. Қазір іс Түркістан облыстық сотында апелляциялық сатыда қаралып жатыр екен.
Оқиға қалай болды?
2024 жылы 12 қыркүйекте Ленгердегі №55 мекемеде жоспарлы тінту кезінде сотталғандар бүлік шығарып, өрт қойған. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері есірткі заттарын анықтау мақсатында тексеру жүргізген. Нәтижесінде бірнеше адам тәртіптік изоляторға (карцерге) қамалған. Десе де бұл жағдай сотталғандардың наразылығын туғызып, жаппай тәртіпсіздіктер болған. Бүлікке шамамен 400-ге жуық сотталған қатысқан. Тәртіп бұзушылар өрт қойып, оның ішінде электрмен жабдықтайтын трансформаторды өртеп, мекемені толықтай жарықсыз қалдырған.
Фото: Видеодан скрин
Тәртіпсіздікті басу үшін аймаққа Ұлттық ұланның әскери бөлімшелері, полицияның күшейтілген жасақтары және Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметкерлері келген. Бүлікке қатысқандарды тоқтату барысында Ұлттық ұланның екі әскери қызметкері мен комитеттің бір қызметкері жарақат алған. Алайда 13 қыркүйек күні кешке қарай жағдай бақылауға алынып, тергеу басталған.
Нәтижесінде алты сотталғанға Қылмыстық кодекстің 428-бабының 3-бөлігі ( Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау) бойынша айып тағылған. Осылайша 2025 жылдың басында тергеу материалдары Түркістан облысының Төле би аудандық сотына қарауға жолданған. Ал 2025 жылдың 11 желтоқсанында қылмыстық іс тергеліп бітті. Олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің талаптарына жаппай бағынбады деген күдікке ілінген.
Істі зерттеген прокурордың мәліметінше, мекемеде қатаң ұстау жасағында ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан алты сотталушы алдын ала сөз байласу арқылы мекеме әкімшілігі заңмен тыйым салған түнде теледидар көру, серуенге шығу, өз бетінше тамақ дайындау, белгіленген киім үлгісін кимеу және заңнамада тыйым салынған өзге де жеңілдіктер беруді талап еткен. Сондай-ақ күдіктілер заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында өздеріне түрлі дене жарақаттарын салған дейді.
Бастапқы қылмыстық құрам осы 6 адамға байланысты. Тергеу барысында (әсіресе сотқа жеткен кезде) айып жеке тұлғадан “топтық әрекетке” ауысқан. Әрқайсысының жеке әрекеті дәлелденбей, бірақ топтық жауапкершілікке ауысқан. Нәтижесінде 13 адам 9 жылдан жаза алған.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысындағы түрмеде сотталғандардың өздеріне қол салмақ болғаны туралы жазған едік. Кейін Түркістан облысындағы колония режимімен келіспеген тұтқындар бүлік шығарып, камерадағы матрас пен киімдерді өртеп жібергенін айттық. Оған қоса мекемедегі бейнекамералардың 70%-ы зақымданғанын жаздық.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады