"Хат келіп, телефонмен сөйлесіп жүрді": Айзат Жұманованы өлтірді делінген күйеуі сотта жанжалдың неден басталғанын айтты
Фото: Ашық дереккөзден
Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына байланысты сот процесінде марқұмның күйеуі Айбар Жанболат жауап берді. Ол әйелін ұрғанын мойындаса да, бас сүйек пен қабырғасы сынғанына кінәлі емес екенін және оқиға кездейсоқ болғанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айбар Жанболат сотта әйелін ұрғанын мойындады, алайда оның бас сүйегі мен қабырғасы сынғанына кінәлі емес екенін айтты және марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.
"Бұл оқыс жағдай түсінбестіктен және өзімнің санасыздығымнан болды. Мен асыл жарымды жақсы көрдім. Оны қасақана өлтіретін ойым да, ниетім де болған жоқ. 22-сіне қараған түн өзім үшін өте қайғылы болды. Бұл жағдайдан 15-20 күн бұрын, мамыр айының аяғына таман түсінбестік болған. Ауылда байланыс нашар ұстайды. Ас ішіп отырған кезде телефон терезенің алдында тұрды. Біреу хабарласса, жазса сол жерден көреміз. Сондай күндері марқұм әйеліме хат келді. Тамақ ішіп отыр едік, сыртқа шығып, телефонмен сөйлесіп жүрген. Басында күдік болмады", – деді марқұмның күйеуі.
Айбар Жанболат әйелінің телефон арқылы байланысын бақылағысы келгенін, соның салдарынан екеуінің телефонын сындырып, аралары уайымға толғанын айтты. Оқиға күні ашуланып, тамақты төгіп тастағанын жеткізді.
“Телефоныңды берші, кіммен сөйлесесің, кім саған жазады?” деп телефонын көргім келді. Жарым “маған сенбейсің бе?” деді. Сенбеймін, көрейін дедім. Екеуіміз де бір-біріміздің телефонымызды сындырып тастадық. Екеуіміз біраз уақыт телефонсыз жүрдік. 7-10 күннен кейін әйелім жұмысшының телефонына өзінің SIM-картасын салып, сонымен байланыста болды. 21-і таңғы уақытта мен тауға кеткенмін, сағат бестерде үйге келсем марқұм әйелім телефонмен сөйлесіп тұр екен. Ашуланып, тағы кіммен сөйлесіп жүргенін сұрап едім, жауап бермей үйге кіріп кетті. Шай-тамағын дайындап жүрді. Маған ашуланып жүрді. Мен де шаршап келгенмін, ашуланып, алдымда тұрған тамағымды төгіп тастадым”, – деді күдікті.
Айбар Жанболат сотта әйелін бірнеше рет ұрғанын мойындап, кейін ашуланып көрші ауылға шығып, сыра ішкенін, үйге қайтып келіп, әйелін іздегенін айтып берді.
"Ашуланып, сыртқа шығып, мотоциклмен көрші ауылға кеттім. Дүкенге кіріп, 10-15 сыра алдым. Ауылға келер тұста екі-үшеуін іштім. Артынша танысыммен де іштім. Сосын үйге келіп, татуласпақ болдым, қараңғы батып кеткен. Келсем кішкентай балам ұйықтап жатыр, әйеліммен бірінші қабатқа түсіп, сырадан іштік. Бір кезде қасымда жоқ, біраз тостым, қызым жылаған соң екінші қабатқа көтерілдім. Әйелім үйде жоқ екен. Оны іздеп асүйге бардым, жоқ. Сол жақтан келе жатыр едім көріп қалдым, сол жақ шетте жантайып жатыр екен. Тұрмайсың ба деп едім басым ауырып тұр деді. Біраз қасында отырдым", – деді марқұмның күйеуі.
Айыпталушы физикалық жағынан әйелімен салыстырғанда айтарлықтай үстемдікке ие болғандықтан, оны кеудесінен жұдырықпен, күшпен ұрған және алақандарымен бірнеше рет соққан. Айыпталушының айтуынша, әйелімен бірге үйге кіргенде, олар есіктің алдында бірге құлап қалған.
"Үйге кіргізіп, оны ваннаға апардым, ол өздігінен жуынған және өзін ретке келтірген. Кейін оның жағдайы күрт нашарлады. Мен оған ашық түсті трикосын кигізіп, ауруханаға жеткізейін дедім. Көмекке көршім Нұрсұлтанға жүгіндім, өйткені жедел жәрдемнің келуі көп уақытты алар еді. Біздің Баласаз ауылымыз тауда орналасқан, аудан орталығынан бізге жету бір сағаттан артық уақыт алады", – деді айыпталушы сотта.
Айбар Жанболат сотта әйелін бірнеше рет ұрғанын, баспалдақтан құлатқанын және жағдайының нашар екенін көріп, ауруханаға апаруға тырысқанын айтты. Ол өз әрекетіне өкінетінін жеткізді.
"Әйелім қашаның жанында тұр екен. Үйге кірмей, қарсыласып, сөз қайтарып, тұрып алды. Жерде отырған соң екі қолынан ұстап, көтеріп тұрғызбақ болдым. Қарсыласқан соң ол жерде де 1-2 рет шапалақпен ұрдым. Екі қолтығынан демеп, үйге қарай келе жатыр едім, кірмей қойды. Үйге кіргенде баспалдақтан құлатып алдым. Есік темір болған, соны ашайын дегенімде сол жерде тағы бір құлатып алдым. Баламды тексеріп едім, ұйықтап жатыр екен. Ары қарай сырамды ішіп, теледидар көріп отырдым. Бір кезде әйелім қасыма отырып, басым қатты ауырып тұр деді. Өңі бозарып кеткен. "Басым, басым" деп жантайып жатты. Жағдайы өте нашар екенін көріп, ауруханаға апармақ болып, көршім Нұрсұлтанға айттым. Содан көрші ауылға келдік, жол нашар, 2-3 шақырым жетпей, дөңгелегім жарылды. 20 минуттан кейін жеттік. Марқұм жарымды алып, бардым. Жабық екен, 15-20 уақыт жоғалтып алдым. Сосын Талдықорғанға қарай бет алдым. Ауруханаға кіргізіп, қолымнан келгенін жасадым, бірақ аманатымнан айырылып қалдым. Жазадан қашпаймын", – деді күдікті.
Оның айтуынша, көршісімен бірге Айзатты Сұйықсай ауылына жеткізген, онда ата-анасынан джип алып, аудан орталығы Жансүгуров ауылына қарай бағыт алған. Алайда аудандық аурухана жөндеуде болғандықтан, әйелді 100 шақырым қашықтықтағы Талдықорғандағы бір ауруханаға жеткізген.
Айыпталушы сондай-ақ әйелі өміріне қауіп төндіру ниеті болмағанын, болған оқиғаны күшті қызғанышымен түсіндіретінін айтқан.
"Бұрын бізде жанжалдар болған, бірақ қол жұмсауға дейін жетпеген. Оған күйеуінен ажырасқан және ішімдік ішетін құрбыларымен араласуға тыйым салатынмын. Оның оларға деген қарым-қатынасы маған ұнамайтын, бұл туралы бірнеше рет айтқанмын. Мен оны жақсы көрдім, бірақ сол жерде өзімді ұстай алмадым", – деді айыпталушы.
- "Ұрысқандарын көрген емеспін": Сотта Айзат Жұманованың енесі сөз сөйледі
- Айзат Жұманованың күйеуі әкесінің көлігінде асылып қалмақ болған
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова қаза тапты. Әйелді өлтірді деген күдікпен күйеуі Айбар Жанболат қамауға алынды. Марқұмның туыстырының айтуынша, ер адам әйелді 2 жасар қызының көзінше айуандықпен ұрып-соғып, кейін далаға шығарып, аттың жалына байлап сүйреген көрінеді. Ал күдікті ер адам әйелі селфи жасап жатқан кезде екінші қабаттың терезесінен құлап кетті деп ақталған. 27 қарашада сотта прокурор Айзат Жұманованың өлімінің хронологиясын жариялаған еді.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді