"Жағдайы ауыр": Семейде шырша безендіремін деп құлап кеткен мұғалімнің кім екені белгілі болды
Семейлік жазушы Біржан Ахмер Жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде құлап кеткен досының жағдайы ауыр екенін жазды. Ал мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қатаң жазалау керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Біржан Ахмердің желідегі парақшасынан / Қуат Айтқали
Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлаған адам мектеп мұғалімі әрі жазушы Қуат Айтқали болып шықты.
"Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде жазушы, ұстаз Қуат Айтқали досымыз аяқасты жоғарыдан құлап, реанимацияға түсті. Ол №49 мектепте жұмыс істейді. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Мәселеге тікелей қатысы бар тұлғалар ел алдында жауап береді деп ойлаймыз. Қуаттың денсаулығы мектеп басшылығына емес, өзіне, отбасына керек. Мұғалімдерді осындай жұмысқа тарту қаншалықты дұрыс? Досыма амандық тілеймін. Тезірек сауығып кетсін", – деді жазушы Біржан Ахмер.
Ал мәжіліс депутаты Аймағамбетовтың айтуынша, желідегі парақшасында мұндай жағдайды жай ғана “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайды.
Асхат Аймағамбетов Семейде мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғаліміміздің ауыр жарақат алғаны алаңдатқанын айтады.
"Мұндай жағдайды жай ғана “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайды. "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында (Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету) нақты көрсетілген: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынады. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі "дәстүрлерден" біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу.
Осы оқиға бойынша нақты шаралар қажет:
- Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауға тиіс.
- Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
- Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауға тиіс", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
"Жарақат алған әріптесімізге тезірек сауығып кетуін тілеймін. Министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны – үміт береді", – деді депутат Аймағамбетов.
Алматыда альпинист баннер орнатамын деп 12-қабаттан құлап кетті
Еске салайық, бұған дейін Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлап жарақат алды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға болмайтынын ескертті.