"Жабайылар": Алматылықтар тарихи мектептің сүрілуіне қарсы шықты
Фото: Әлеуметтік желіден
Алматылықтар Фурманов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназиясының сүріліп жатқанына қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шаһар халқы сәулет ғимараттарының бей берекет сүріліп жатқанына жаны ауырып, наразылық білдірді.
“Прогресс" деп жүріп сәулет мұрамызды жойсақ, ештеңенің мән қалмағаны. №56 мектебімді қиратып жатыр. Орнына әйнектен салынған "қорап" тұрғызылмақ. Билік басында "мамбеттер" отырса олардан басқа не күтесің? Көзге еріксіз жас келеді”, – деп жазды автор.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі мұны Кеңес үкіметінің сарқыншағы екенін және одан арылу керегін айтса, енді бірі мұндай сәулет өнері алдағы уақытта салынбайтынын, керісінше сақтап қалу керегін айтып, дабыл қақты.
“Бұл – кеңестік әлемнің естелігі, ондай мұра бізге не үшін керек?”, “Сұрықсыз кеңестік ғимараттарды сүру керек”, “Сталин дәуіріндегі ғимараттар бұзылуы керек”, “Жабайылар”, “Алматының әкімі алматылық болу керек”, “Тарихи ғимараттарды неге сүріп жатыр”, – деп жазды желі қолданушылары.
Алайда Алматы әкімдігі Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназиясының сүріліп жатқаны туралы әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
“Мектепте сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бар ғимараттарды бұзу қарастырылмаған. Сонымен қатар ғимараттың тарихи қасбеті сақталады”, — деп хабарлады құрылыс басқармасы.
Жоба аясында қазіргі білім стандарттарына сай заманауи оқу кеңістіктерін құру жоспарланған.
“Негізгі және бейінді пәндер бойынша сабақ өткізуге арналған сыныптар, зертханалар мен кабинеттер жаңартылады. Химия, физика және биология кабинеттері заманауи тәжірибелік жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушыларға практикалық дағдыларды меңгеруге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Жоба құрамында көпфункционалды спорт кешені де салынбақ. Мектеп аумағында ашық спорт алаңдары бой көтереді.
Сонымен қатар кең демалыс аймақтары, заманауи асхана, кітапхана, оқу залдары және мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген үйірме бөлмелері қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарланы отыр.
Республика күнінің маңызы не, мерекені не себепті қайтарды – Саясаттанушылар жауап берді