Зейнеткер 10 жыл әйелін ер адамдарға зорлатып келген: Франциялықтар жәбірленушіні қолдап митинг ұйымдастырды
Францияда әйеліне дәрі беріп ұйықтатып, кейін оны ер адамдарға зорлатқан Доминик Пеликоның ісі бойынша сот жүріп жатыр. Франциялықтар жәбірленуші 72 жастағы Жизель Пеликоны қолдау мақсатында акция ұйымдастырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Reuters
2020 жылы 68 жастағы Жизель Пелико өзінде бір нәрсе дұрыс емес екенін сезген. Себебі ұйқыдан тұрса, шашы қиылып тұрғанын, тағы да түрлі өзгерістерді байқайтын, бірақ есінде ештеңе болмайтын. Ол кештерді, кейде тіпті күндерді де ұмытатын болған. Сөйтіп ол есте сақтау қабілеті төмендегеніне алаңдап, невропатологқа барған. Алайда кінәрат табылмапты.
Сондай-ақ гинекологиялық аурулар да оны алаңдата бастады.
Кейін 50 жыл некеде болған Жизельдің компьютерінен порнографиялық материалдар табылды. Ерлі-зайыптының үш баласы, жеті немересі бар.
Күйеуі 2011 жылдан бері Жизельді зорлатып, оны видеоға түсіріп жүрген екен. Оған ұйықтататын дәріні сусынына қосып беріпті.
Доминик Пеликот coco.fr форумында әйелін зорлағысы келетіндерді іздеп, үйіне шақыратын болған. Содан кейін Пелико камераны қосып, әйелі ес-түссіз жатқанда оны қалай зорлағанын түсіріп алған.
Сондай-ақ полицейлер әйелді зорлаған ер адамдардың бірінде АИТВ індеті бар екенін анықтады. Пеликоға АИТВ жұқпады, бірақ ол жыныстық жолмен берілетін басқа ауруды жұқтырып алған.
Доминик қамауға алынды, қыркүйекте сот басталды. Бірнеше жыл бойы тергеу барысында полиция 84 ер адамның 50-ін анықтай алды.
Жизель Пелико Францияда сексуалдық қылмыстармен күрестің символына айналды. Оны қолдау мақсатында елде бірнеше митингтер өтіп жатыр.
Париж, Марсель, Бордо, Страсбург, Нант және Ренн қалаларында 72 жастағы Жизель Пеликоны қолдау акциялары өтті. Демонстранттар "Ерлігіңіз үшін рахмет", "Жәбірлену ұят емес, зорлаушылар ұялуы керек" деген плакаттарды ұстап шықты. Париждің өзінде демонстрацияға 3,5 мың адам шықты.
Еске салсақ, бұған дейін зейнеткердің әйелін ұйықтатып, өзге ер адамдарға зорлатып келгені айтылған еді.