Зейнетақы жүйесіне көзқарас: қаржылық сауаттылық пен сенімнің қазіргі деңгейі

Фото: Freepik.com
Отандық зейнетақы жүйесі соңғы жылдары елеулі өзгерістерді өткеріп, бүгінде көпдеңгейлі және икемді модельге айналды. Еңбек нарығындағы трансформация, жаңа әлеуметтік нормалар мен цифрландырудың дамуы азаматтардың зейнет жасындағы қаржылық стратегияларына да әсер етіп жатыр. 2025 жылы жүргізілген ауқымды зерттеу қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі туралы білім деңгейін, олардың қаржылық мінез-құлқын және "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ға деген сенімін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Зерттеуге 3000 респондент – қалалар мен ауылдық жерлерде тұратын 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысты. Респонденттердің көпшілігі жалдамалы жұмысшылар (67,7%), одан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (27,7%) және жұмыссыздар (4,6%). Сауалнамада зейнетақы жүйесі туралы базалық және озық білімді, сондай-ақ зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ-ға деген сенімді бағалауға бағытталған 26 сұрақ қамтылды.
Қаржылық сауаттылықтың базалық деңгейіне арналған сұрақтар азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырудағы жеке жауапкершілігі, Қазақстандық зейнетақы жүйесінің құрылымы, БЖЗҚ-дан берілетін төлем түрлері, мөлшері мен қалыптасу көздері, Қордың негізгі функциялары, сондай-ақ Қазақстандағы зейнеткерлік жас жөніндегі білім деңгейін анықтауға бағытталған. 2025 жылы респонденттердің қаржылық сауаттылығының базалық деңгейі 74,2% болды, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда (73,8%) біршама өскен.
Қаржылық сауаттылықтың озық деңгейін айқындау мақсатында респонденттерге зейнетақы жүйесін тереңірек түсінуді талап ететін сұрақтар ұсынылды. Атап айтсақ, зейнетақы активтерін инвестициялау қағидаттарын түсіну, зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі, зейнетақы аннуитетінің жұмыс істеу механизмі, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі салық салу ерекшеліктері, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік мәселелері қамтылды. Сауалнама нәтижелері бойынша қаржылық сауаттылықтың озық деңгейінің жиынтық коэффициенті 45,3% болды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда (45,2%) айтарлықтай өзгермеген.
Зерттеу деректері көрсеткендей, халықтың басым бөлігі болашақтағы әл-ауқатын ең алдымен, БЖЗҚ-дағы жинақтарымен байланыстырады. Респонденттердің 39,3%-ы зейнет жасында негізгі тірек дәл осы жинақ болатынын атап өткен. Аталған көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда жоғары (2024 жылы – 38,7%) және азаматтардың ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауға бет бұра бастағанын, сонымен қатар жинақтаушы жүйеге деген сенімнің артқанын көрсетсе керек. Болашақ зейнетақының екінші маңызды көзі деп сауалнамаға қатысушылар мемлекеттік базалық және ынтымақты төлемдерді 25% (2024 жылы – 24,2%) атады. Бұл ретте ынтымақты зейнетақы алатындардың үлесі жыл сайын азая беретінін естен шығармаған жөн. Демек тек мемлекетке иек артып, уақытты босқа өткізуге болмайды.
Айта кетерлігі, тұрғындардың 15,6%-ы қосымша жинақтарды – депозиттер, инвестициялар және тағы басқа құралдарды зейнеттегі табыстың маңызды элементі ретінде қарастырады. Кәсіпкерлік те тұрақты табыс көзі ретінде маңызын жойған жоқ: 11,6% респондент зейнет жасында өз бизнесіне сүйенетінін айтқан.
Зерттеу әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың да зейнетақы капиталын жоспарлауға әсер ететінін көрсетті. Материалдық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілген азаматтар жинақтарын тек БЖЗҚ-мен шектемей, қаржы құралдарын әртараптандыруға ұмтылады. Ал табысы төмен топтар арасында мемлекеттік төлемдерге үміт арту кеңірек таралған.
Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің негізгі құрамдауыштарын тану деңгейінде де оң үрдістер байқалады. Респонденттердің 58,3%-ы Қазақстанда мемлекеттік және жинақтаушы аралас модель жұмыс істейтінін дұрыс тапты. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда айтарлықтай өсіп, азаматтардың зейнетақы жүйесі туралы базалық түсінігі нығайғанын дәлелдейді.
БЖЗҚ қызметіне келсек, халықтың жартысына жуығы Қордың негізгі функциясын – міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын тарту, есепке алу және жинақтаушы зейнетақы төлемін жүзеге асыру деп дұрыс атаған. Сонымен қатар, тұрғындар арасында “Инвестицияны БЖЗҚ жасайды” деген қате түсінік күшейіп келеді. 2025 жылы бұл нұсқаны сауалнамаға қатысқан азаматтардың 35,6%-ы таңдаған. Шын мәнінде, инвестициялық басқару Ұлттық Банк пен жеке басқарушы компаниялар арқылы жүзеге асырылады.
Зейнетақы жарналарының түрлері туралы білім деңгейі әркелкі. Халық 10% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарнасын жақсы білсе де (80,4%), 2025 жылы 2,5%-ға дейін артқан жұмыс берушінің өз есебінен төлейтін міндетті жарналары туралы сауалнамаға қатысқан респонденттердің тек 2,8% ғана хабардар, ал 82,4% құрайтын негізгі бөлігі бұл сұраққа жауап беруде тосылып қалды. Ал зиянды еңбек жағдайындағы 5% кәсіптік жарналар туралы респонденттердің тек 6,2% білетін болып шықты, қалған көпшілікке (92,1%) белгісіз күйінде қалып отыр.
Сауалнама азаматтардың көбінің зейнет жасындағы нақты ережелерден хабардар екенін көрсетті: 84,1% ерлердің 63 жаста, әйелдердің 61 жаста шығатынын дұрыс айтқан. Әйелдердің жасы 2031 жылы 63-ке дейін кезең-кезеңімен көтерілетіні туралы ақпарат та халық арасында кеңінен таралған.
Жалпы зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы жыл сайын артып, зейнетақы саласына деген қызығушылықтың күшейіп, халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартылуы айтарлықтай ұлғайғанын көрсетті: БЖЗҚ-ға жарна аударған азаматтардың саны 2021 жылғы 42,7%-дан 2025 жылы 78,7%-ға дейін артқан. Қазақстан азаматтары зейнетақы жүйесіне белсенді қатысудың өз болашағы үшін тиімді екенін түсіне бастағандай. Жинақтаушы модель елдің қаржылық тұрақтылығы мен азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыруда маңызды орынға ие.
Алайда, жарналардың нақты құрылымы, инвестициялық тетік және ерікті жинақтардың артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстары әлі де маңызды. Зейнетақы қорына деген сенімнің нығаюы да халықтың ақпаратты қаншалықты түсінетініне және оны қолдану қабілетіне тікелей байланысты.
Зерттеу нәтижесі туралы егжей-тегжейлі есепті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтындағы (https://www.enpf.kz) "Статистика және аналитика" - "Сапаны бақылау" бөлімінен көруге болады.
"Кәнсіл": Қазақстандықтар 2025-тің жыл сөзін таңдады