Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың жеткілікті шегі төмендей ме – Еңбек министрі Светлана Жақыпова жауап берді
Фото: Stan.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәжіліс кулуарында зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланудың жеткілкті шегін төмендету жөніндегі сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазіргі таңда біз табиғатына сәйкес зейнетақы жинақтары қартайғанда айтарлықтай қамтамасыз етуі керек екенін түсінеміз. Ал бұл жинақтарды ерте жаста шешіп алу – болашақта, яғни қартайғанда төленетін зейнетақы құнының төмендеуіне әкеп соқтырады. Сондықтан дәл қазіргі уақытта мұны істеудің ( зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланудың жеткілкті шегін төмендету – ред.) қажеті жоқ деп ойлаймыз", – деді Светлана Жақыпова.
Жаңа жеткілікті шектер Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Айта кетейік, 2025 жылға арналған шек өзгеріссіз қалып, 2023 және 2024 жылдардағы деңгейде сақталды. Ол жас ерекшелігіне қарай 3 миллионнан шамамен 10 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде белгіленген. Мәселен, 20 жастағы азаматтар үшін бұл көрсеткіш 3 миллион 260 мың теңге болса, 30 жастағылар үшін – 4 миллион 580 мың теңге, ал 40 жастағылар үшін – 6 миллион 100 мың теңге.

"Мақсатыма жету үшін екі жұмыс істеп жүргем": 1 миллион теңге шәйпұл алған қазақстандық даяшы көз жасына ерік берді
