Зейнетақы жинағын емдеуге жұмсауға бола ма?
Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинақты денсаулығын емдеу үшін жұмсай ала ма? Көпті толғандырған сұраққа еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Иә, біздің министрлік зейнетақы қоры жинағын адамдардың денсаулығын емдеуге пайдалану мүмкіндігі туралы бұйрық әзірленді. Бүгінде ол бұйрық Әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді. Келесі аптада бұйрық дайын болады деп ойлаймыз", - деді ҚР Вице-министрі Ажар Ғиният ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, министр орынбасары зейнетақы жинағын қандай аурулардан емдеуге жұмсауға болатынын айтты.
"Алдымен сирек кездесетін ауруларды емдеуге жұмсауға болады. Сонымен қатар стоматологиялық ауруларды емдеуге жұмсай алады. Оның ішінде протез және имплантация салғызуға рұқсат беріледі. Одан бөлек, отадан кейінгі оңалту-сауықтыру процесіне зейнетақы жинағын қолдануға болады. Дегенмен бұл талаптар халықтың сұранысына қарай алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Жоғарыда аталған медициналық қызметтер көпшілікпен ақылдаса келе таңдалынып алынды", - дейді ол.