Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Инфляция деңгейі жоғары болса да, зейнетақы келесі жылы неге тек 10% өседі: Үкімет себебін түсіндірді

 зейнетақы айлық

2026 жылға арналған бюджет жобасында қазақстандықтардың зейнетақылары 10 пайыз өсетіні көрсетілген. Келесі жылғы инфляция 9-11% деңгейінде болжанып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер вице-премьер-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен неге зейнетақы тек 10% өсетінін, қолданыстағы ережеге сай инфляция деңгейіне 2% қосылуға тиіс емес пе деп сұрады.

Шенеунік зейнетақыны көтеру туралы шешім қабылдағанда үкімет ең алдымен бюджеттің мүмкіндіктеріне сүйенетінін айтты.

"Келесі жылы инфляция 9-11% деңгейінде болады деп болжап отырмыз, орташа шамамен 10%. Сондықтан индексацияны 10% деңгейінде қалдырдық. Қазір бұл біздің бюджеттік мүмкіндіктерімізге байланысты. 10% – бюджетке енгізілген көрсеткіш", – деді ол cенатта 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет талқылауынан кейін журналистерге.

Айта кетсек, ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Қазақстандағы жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%, қазан айында 12,6% болды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша орташа жиынтық зейнетақы 142 744 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы 95 167 теңге, базалық зейнетақы 47 577 теңге болады.

Қазақстандағы зейнетақы бірнеше бөліктен тұрады:
- базалық зейнетақы;
- ынтымақты (бюджеттен төленетін) зейнетақы;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке жинақтар.

2026–2028 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте әлеуметтік сала шығындары ең үлкен үлеске ие болады, 33,8 трлн теңге бөлінеді. 2026 жылға 10,7 трлн теңге, 2027 жылға 11 трлн теңге, 2028 жылға 11,5 трлн теңге бөлінеді. Оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 22,4 трлн теңге жоспарланған (2026 жылы 6,8 трлн теңге).

Бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдан бастап зейнетақы аударымын төлемегендердің шоттары бұғатталатыны туралы жазған едік.

Рая Мінәп
Бейсенбі, 20 Қараша, 2025 14:33