Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зеленскийдің “Жеңіс жоспары”, Сайлау алдындағы АҚШ, ХАМАС жетекшісінің өлімі: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

ХАМАС-тың Газадағы қарулы күшінің жетекшісі Яхья Синвар Израиль әскерінің қолынан қаза тапты. Бұл оқиға Таяу Шығыстағы қақтығыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін, соғыстың әлі ұзаққа созылатынын көрсетеді дейді сарапшылар. Сонымен қатар осы аптада Израильдің БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлеріне шабуылдады. Әлемді алаңдатқан Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс та жалғасуда. Осы аптада Зеленский өзінің “Жеңіс жоспарын” ұсынды. Ал АҚШ-тағы сайлауға небәрі екі апта уақыт қалды. Қазір кандидаттар арасындағы сайлау алдындағы өзара жарыс күшейген. Әлем жаңалықтарына апталық шолу.

"Жаңа соғыстың басы”: Израиль ХАМАС жетекшісін өлтірді

ХАМАС жетекшісі Яхья Синвар Израиль әскерлерінің қолынан қаза тапты.

Израиль әскері Синвардың сәрсенбі күні аумақтың оңтүстігіндегі Рафах қаласында өлтірілгенін мәлімдеді.

"Біз Синварды табатынымыз туралы айтқан едік. Сөзімізде тұрдық. Синварсыз әлем әлдеқайда жақсырақ бола түсті”, – дейді ЦАХАЛ басшысы Гертци Халеви.

Фото: Sopa İmages

ХАМАС басшысының өлімін растау үшін оның саусақ іздері тексерілген. Ол үшін Синвардың осыған дейін Израиль түрмесінде өткізген генетикалық деректері пайдаланылған.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ХАМАС жетекшісінің өлтірілуі Газадағы соғыстың соңы емес, “жаңа соғыстың басы" екенін айтты.

Оның айтуынша, ХАМАС қаруын тастап, Газада қалған кепілге алынғандарды қайтарса, қақтығыс "ертең-ақ" аяқталуы мүмкін.

Фото: Getty İmages

АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, оны құттықтады.

"Бүгін Израиль, Америка Құрама Штаттары және әлем үшін сәтті күн болды. Әлемде ешбір лаңкес әділдіктен қашып құтыла алмайтынын тағы бір рет дәлелдеді", – деп атап өтті.

CIA-ның бұрынғы директоры Дэвид Петреус Синвардың өлімін 2011 жылы Усама бен Ладеннің өлімімен салыстырып, оның "үлкен маңызы бар" екенін атап өтті.

Ұлыбританияның премьер-министрі сэр Кейр Стармер ХАМАС-тың мүшесі Яхья Синвардың өліміне байланысты өкініш білдірмейтінін атап өтіп, ХАМАС ұстаған барлық тұтқындарды босатуға және Таяу Шығыста ұзақ мерзімді әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға шақырды.

Франция президенті Эммануэль Макрон бұл өлім Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға мүмкіндік екенін айтты. Алайда, Италияның премьер-министрі Джорджия Мелони бұл соғыстың жаңа кезеңін бастағанын мәлімдеді.

Халед Мешал ХАМАС жетекшісінің міндетін уақытша атқаруға кірісті. Ақпаратқа сәйкес, қазір тараптармен байланыс орнатуға, келіссөздерге және тұтқындар мәселесіне Мешал жауапты.

Синвар кім?

Әбу Ибрахим деген атпен танымал болған Синвар 1962 жылы Газаның оңтүстігіндегі Хан Юнисте дүниеге келген. Синвар 19 жасында Израильде “исламдық әрекеттері” үшін тұтқындалған.

25 жаста, 1980 жылдардың аяғында ол моральдық құқық бұзушылықтар деп аталатын айыпталғандарды және Израильмен ынтымақтастық жасады деген күдікке ілінгендерді жазалайтын Хамастың әл-Мажд қауіпсіздік қызметін құрды.

1988 жылы ол Израильде өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Алайда 2011 жылы Газада Хамастың бес жылдан астам тұтқынында болған израильдік сарбазы Гилад Шалиттің орнына босатылған 1027 тұтқынның қатарында босап шықты.

Синвар ХАМАС-тың Газадағы қарулы тобын 2017 жылдан бері басқарған.

ХАМАС басшылары туралы не белгілі?

ХАМАС-тың әскери қанатының жетекшілерінің бірі Марван Исса. Израиль оны өлтіргенін хабарлағанымен, оның өлімі расталмады.

Халед Машаль – 2004-2017 жылдары ХАМАС-ты басқарған бұрынғы жетекші. Ол 1998 жылы Израильдің қастандығынан аман қалды және қазір Катарда өмір сүріп жатыр.

Яхья Синвардың інісі, ХАМАС-тың әскери қанатының жоғары дәрежелі командирі – Мохаммад Синвар. Ол бірнеше рет Израильдің қастандық әрекеттерінен аман қалған.

Халиль аль-Хая – ХАМАС-тың саяси жетекшілерінің бірі және Яхья Синвардың орынбасары. Ол ХАМАС пен Израиль арасындағы бітімгершілік келіссөздеріне қатысқан.

Махмуд аз Захар – ХАМАС-тың ең беделді тұлғаларының бірі, хирург мамандығы бар. Ол ХАМАС-тың алғашқы сыртқы істер министрі болған. Соңғы уақытта оның тағдыры белгісіз.

Газадағы Рафах қаласындағы батальон командирі Мохаммад Шабана (Абу Анас). Ол Израиль сарбазы Гилад Шалиттің тұтқынға алынуына қатысқан және Газадағы туннель жүйелерін басқарған.

Раухи Муштаха – Яхья Синвардың сенімді серігі. Израильдің шабуылынан қаза тапқаны туралы хабарланғанымен, ХАМАС бұл туралы нақты ақпарат бермеген.

Израильдің БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлеріне шабуылы

Фото: AP Photo

Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштері (UNIFIL) сәрсенбіде Ливанның оңтүстігіндегі Кфар Кила маңында Израильдің Меркава танкі бақылау мұнарасына оқ атқанын хабарлады. Бұл оқиға екі камераның қирауына және мұнараның зақымдануына әкелген.

Жексенбі күні Израиль әскерлері екі танкпен Көк сызықты кесіп өтіп, Рамия ауылы маңындағы UNIFIL позициясына басып кіргені белгілі болды. Кейіннен Израиль әскерлері ғимаратқа түтін атып, 15 қызметкер зардап шеккен.

Ал сенбі күні израильдік әскерлер Мейс-эль-Джабаль маңында маңызды логистикалық қозғалысты бұзған. Бітімгершілік миссиясы Израиль қорғаныс күштері мен барлық тараптарға БҰҰ персоналы мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салды.

Израиль үкіметі Ливандағы Хезболла тобы бітімгершілік күштерін "қалқан" ретінде пайдаланып жатыр деп мәлімдеді. Алайда, Хезболла бұл айыптауларды жоққа шығарды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израильді бейбітшілік сақтау күштері мен олардың позицияларын қорғауға шақырды. UNIFIL құрамына 50-ден астам елден 10 000-ға жуық бітімгерші кіреді, оның ішінде Индонезия, Үндістан және Ирландия бар.

Еуропалық Одақтың 16 елі Ливандағы соғысу ережелерін қайта қарау керек деп мәлімдеді. Италияның қорғаныс министрі Гидо Кросетто Израильге әскери жолмен емес, бейбіт жолмен мақсаттарға қол жеткізуге болатынын айтты.

Парсы шығанағы Ынтымақтастық Кеңесі (GCC) Израильдің БҰҰ бітімгершілік күштеріне жасаған шабуылдарына алаңдаушылық білдірді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шиеленіс UNIFIL-дің Израиль мен Ливан шекарасындағы бейбітшілікті сақтаудағы маңызды рөліне нұқсан келтіруі мүмкін. UNIFIL-дің ең ірі контингенттерінің бірі орналасқан Италия бұл шабуылдарды айыптап, тергеуді талап етті. Сарапшылар Израильдің әрекеті оның БҰҰ агенттіктеріне, әсіресе Хезболланың Ливанның оңтүстігіндегі қызметіне қатысты бұрыннан келе жатқан сенімсіздігін көрсетеді деп санайды.

Бұл шабуылдар халықаралық қатынастарды одан әрі шиеленістіріп, аймақтағы қақтығыстың өршу қаупін тудыруы мүмкін. Халықаралық ұйымдар мен мүше мемлекеттер Израильді халықаралық құқыққа сай жауапкершілікке тарту үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.

Америкада сайлауға дейін 2 апта: Штаттар үшін шайқас күшейді

Фото: Getty İmages

АҚШ президенттік сайлауына небәрі екі апта қалды, Дональд Трамп пен Камала Харрис арасындағы бәсеке шарықтау шегіне жақындады. Негізгі оқиғалар Аризона, Висконсин, Джорджия, Мичиган, Невада, Пенсильвания және Солтүстік Каролина деп аталатын "свинг штаттарында" болып жатыр.

АҚШ сайлау жүйесінің ерекшеліктері және ауыспалы штаттардың маңыздылығы

Американдық сайлау жүйесі сайлаушылар алқасына негізделген, онда кандидат жеңіске жету үшін 538 дауыстың 270-ін алуы керек.

Ауыспалы штаттарында республикашылар мен демократтарды жақтайтындардың саны бірдей болғандықтан, жарыстың нәтижесін болжау қиын. Жарнамалық науқандар мен митингілердің негізгі бөлігі осы штаттарға бағытталған. 19 сайлаушы дауысы бар Пенсильвания басты шайқас алаңы болып табылады. Екі үміткер де осы штаттағы жарнамалық науқандарға 138 миллион доллардан астам қаражат жұмсаған.

Трамп пен Харрис үшін жеңіске жетудің ең тікелей жолы Пенсильвания. Сауалнамалар Харристің бұл штат бойынша алда келе жатқанын көрсетеді, бірақ бұл кез келген сәтте өзгеруі мүмкін.

Трамп: Қазіргі билік елді дүниежүзілік соғысқа итермелеп жатыр

Фото: Getty İmages

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қазіргі америкалық билік елді дүниежүзілік соғысқа жетелеп отыр деп есептейді.

"Бізде үлкен мәселе бар. Мен қазір билік басында отырған адамдардың әрекеті үш-төрт айдан кейін дүниежүзілік соғысқа ұласады деп қатты алаңдаймын. Мен алдымызда тұрған үшінші дүниежүзілік соғысты тоқтатамын", – деп келтіреді Трамп Калифорниядағы сайлау науқаны кезінде.

Ол сондай-ақ Украинадағы қақтығысты және Таяу Шығыстағы бейберекетсіздікті тоқтататынын қайталады.

АҚШ президентінің сайлауы 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген.

Харрис: Менің президенттігім Байдендікінен ерекшеленетін болады

Фото: Reuters

АҚШ вице-президенті Камала Харрис егер сайлауда жеңіске жетсе, президенттігі Джо Байденнің президенттігінің жалғасы болмайтынын, өзіндік ерекшелігі болатынын мәлімдеді.

“Менің президенттігім Джо Байденнің президенттігінің жалғасы болмайды. Қызметке кіріскен әрбір жаңа президент сияқты мен де өз өмірлік және кәсіби тәжірибемді қолданып, тың идеяларды жүзеге асырамын. Мен көшбасшылардың жаңа ұрпағын ұсынамын", - деді Харрис Fox News-ке берген сұхбатында.

Сонымен қатар АҚШ-тың вице-президент өзінің бәсекелесі, Республикалық партиядан президенттікке үміткер Дональд Трамптың "іштегі жау" туралы және сайлау күні саяси қарсыластарын қудалау үшін қарулы күштерді қолдану қаупі туралы соңғы мәлімдемелеріне түсініктеме берді. Оның пікірінше, Трамп "қызметке жарамсыз және қауіпті".

“Біз бәріміз Трамптың Америка әскерін Америка халқына қарсы қою туралы айтқанын білеміз. Ол бейбіт шерулерге қатысқан адамдарды аңду керектігін мәлімдеді. Тіпті өзімен келіспегендерді түрмеге тоғытатынын ашық жеткізді", – деді Харрис.

АҚШ Украинаға 425 миллион доллар әскери көмек көрсетеді

АҚШ президенті Джо Байден Украинаға құны 425 миллион долларға бағаланған әскери көмек пакетін жариялады, деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз қызметі.

Көмек пакетіне қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс қарулары, "әуе-жер" оқ-дәрілері, броньды машиналар және "Киевке шұғыл қажет" оқ-дәрілер кіреді.

"Вашингтон Украинаны жүздеген әуе шабуылына қарсы қорғаныс зымырандарымен, ондаған тактикалық әуе қорғаныс жүйелерімен, қосымша артиллериямен, оқ-дәрілермен, жүздеген бронетранспортерлер мен жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналарымен, мыңдаған қару-жарақпен қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.

Кейінірек Пентагон қазіргі көмек пакетіне NASAMS зениттік-зымырандық жүйелеріне арналған қосымша зымырандар, RIM-7 зымырандары, Stinger MANPADS зымырандары, HIMARS бірнеше ұшыру зымыран жүйелеріне арналған оқ-дәрілер, әуе-жер үсті оқ-дәрілері, 155- және 105 мм артиллериялық снарядтар кіретінін нақтылады. Пакетке сонымен қатар TOW ATGM, AT-4 танкіге қарсы гранатомет және Javelin ATGM, көп мақсатты жол талғамайтын көліктерге арналған зымырандар кіреді.

Зеленскийдің “Жеңіс жоспары"

Фото: Getty İmages

Владимир Зеленский бейсенбі күні Еуропалық Одаққа өзінің "жеңіс жоспарын" таныстыру үшін Брюссельге барады. Зерттеулер көрсеткендей, Украинадағы "жеңіс жоспары" Киевтің өзіне емес, НАТО, АҚШ және басқа серіктестердің іс-әрекеттеріне байланысты. Батыс баспасөзінде Зеленскийдің жоспарына Батыс көшбасшыларынан әзірше нақты қолдау естілмегені туралы пікірлер көп.

Зеленский Брюссельде өткен Еуропалық кеңес отырысында Ресейді шынайы дипломатияға мәжбүрлеу стратегиясы мен еуропалық бірліктің Украина мен бүкіл Еуропа үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті. 

Зеленскийдің "жеңіс жоспары" бес тармақтан тұрады, ол Киевке НАТО-ға мүше болу үшін шақыру, Ресейге қарсы ұзақ қашықтықтағы соққылар үшін Батыс қаруын қолдану рұқсатын және Украина аумағында "тежеу шаралары пакетін" орналастыруды қамтиды. Президент жоспарын 2025 жылы Ресеймен соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретінін және Украина кейіннен Еуропа үшін табиғи және адам ресурстарының маңызды көзіне айналатынын айтты.

Зеленский 1994 жылғы Будапешт меморандумын еске ала отырып, Украина ядролық қарудан бас тартқанына және ол меморандумның Украинаны қорғауға қабілетсіздігіне назар аударды.

"Біз ядролық қаруды емес НАТО-ны таңдаймыз", – деді ол.

НАТО қорғаныс министрлері Зеленскийдің "Жеңіс жоспарын” талқыға салады

НАТО қорғаныс министрлері осы аптада Брюссельде Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған жеңіс жоспарын талқылайды. Бұл туралы сәрсенбіде Альянстың бас хатшысы Марк Рютте мәлімдеді. Оның айтуынша, жеңіс жоспарын талқылау бейсенбі және жұма күндері өтеді.

"Бұл жоспардың көптеген аспектілері бар, және оның артында не жатқанын түсіну, не істей алатынымызды және не істей алмайтынымызды анықтау үшін біз шынымен де украиндармен талқылауымыз керек. Бізде саяси және әскери мәселелер бар", – деді Рютте. НАТО Украинаға ауқымды әскери көмек көрсетуді жалғастырады.

Батыс әскери альянсының бас хатшысының айтуынша, Мәскеу Ресей әскери операцияларын жалғастыра берген жағдайда НАТО бұл көмекті жалғастыра беретінін түсінуі керек.

Зеленский осы бейсенбіде Брюссельде өтетін ЕО саммитінде жеңіске жету жоспарын таныстырады.

Украина президенті жеңіске жету жоспарын алғаш рет қыркүйек айының соңында АҚШ-қа барған сапарында жариялаған болатын. Жоспар бес тармақтан және үш құпия қосымшадан тұрады.

Бұл жоспар Украинаны тез арада НАТО-ға шақыруды, Ресей аумағындағы операцияларды жалғастыруды, оның аумағында соққы беруге шектеулерді алып тастауды, Украина аумағында "ядролық емес стратегиялық тежеу ​​пакетін" орналастыруды, сондай-ақ Ресей Федерациясының территориясында ядролық қаруды жоюды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, Украинаның экономикалық әлеуетін және Ресей Федерациясына қарсы санкцияларды күшейту, НАТО мен Еуропаның қорғанысын нығайту үшін Украина әскерилерінің тәжірибесін пайдалану жоспарлануда.

Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяны жау деп жариялады

Фото: gds.ro

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы шиеленіс жаңа кезеңге өтті. Солтүстік Корея ресми түрде Оңтүстік Кореяны "дұшпан мемлекет" деп жариялап, бұл анықтаманы конституциясына енгізу арқылы екі ел арасындағы қарым-қатынасты мүлдем үзді. Бұл шешім Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) орталық телеграф агенттігі арқылы хабарланды. КХДР осы шешім аясында автомобиль және теміржол қатынасын толығымен тоқтату туралы бұйрық берді.

Солтүстік Кореяның бұл қадамы оның ұлтқа және бірігуге қарсы саясатының айқын көрінісі. КХДР басшылығы өз халқын оқшаулауды жалғастырып, Оңтүстік Кореяға кез келген дипломатиялық немесе экономикалық байланыстардың жолын жапты. Корей халық армиясының бас штабы екі ел арасындағы оңтүстік шекараның шығыс және батыс аймақтарында физикалық тосқауылдар қою шараларын іске асыруға кірісті. Бұл әрекеттер Солтүстік Кореяның жаңа конституциялық өзгерістеріне сәйкес жүзеге асырылып, "дұшпан мемлекетпен" ешқандай байланысқа жол берілмейтінін білдіреді.

Солтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі бұған қоса, шекарадағы қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейтіп, оңтүстікке апаратын жолдарды "мәңгілік қамалға" айналдыру жоспарларын атап өтті. Бұл қадам КХДР-дың әскери және саяси оқшаулану саясатын нығайтатын маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Оңтүстік Корея үкіметі бұл конституциялық өзгерістерді қатты сынға алып, Солтүстік Кореяның арандатушылық әрекеттеріне қарсы қатаң жауап беретінін мәлімдеді. Оңтүстік Кореяның бірігу министрлігі бұл шешімді айыптап, оны ұлттың бірлігіне және корей халқының бірігуге деген үмітіне опасыздық деп атады. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея халықаралық қауымдастықты бұл жағдайды бақылап, Солтүстік Кореяның әрекеттеріне назар аударуға шақырды.

Сарапшылар бұл шешім Солтүстік Кореяның ішкі және сыртқы саясатының қатайып, сыртқы әлемнен оқшаулануға ұмтылғанын көрсетеді дейді. Жаңа конституциялық өзгерістер КХДР басшылығының билікті күшейтуге және елді қатаң бақылауда ұстауға бағытталған саясатын айқын көрсетеді. Солтүстік Кореяның бұл әрекеттері көрші елдер мен әлемдік қауымдастық тарапынан сынға алынып, аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.

 

Талқылау