Зайсанда жаңа әуежайдың құрылысы басталды: Ол қандай рейстерге қызмет көрсетеді
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жаңа әуежай құрылысының негізгі жұмыстары басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Көлік министрлігінің мәліметінше, әуежай қаладан шамамен 25 шақырым жердегі Сәтпай ауылы маңындағы бұрынғы әскери аэродром орнына салынады.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл жер телімі ыңғайлы орналасуы, ауа райы жағдайы мен көліктің қолжетімділігіне қатысты таңдалды.
Әуежайда кеңейту мүмкіндігімен ұзындығы 2200 метр ұшу-қону жолағы салынады. Бұл әуежай аймағында Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір қазақстандық әуе компания ATR-72 ұшақтарын сатып алу мәселесін қарап жатыр.
“Жоба аясында 4 әуе кемесіне арналған перрон, сағатына 150 жолаушы қабылдайтын 4000 шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған. Әуежай құрылысы аяқталып, нысан қолданысқа берілген соң Қытайдың Үрімші, Алтай және Қанас қалаларына халықаралық бағыт ашу жоспарланған. Астана, Алматы және Өскеменге қатынайтын ішкі бағыттар тұрақты әуе байланысын қамтамасыз етеді. Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ел тұрғындарының жүріп-тұруын жақсартады”, – деді министр.
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Марат Қарабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Зайсанға жыл сайын 23 мың адам келеді. Әуежай іске қосылса келушілер саны 136 мыңға дейін артуы мүмкін.
Әуежай құрылысы аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ірі жобаның бір бөлігі. Үкімет Ресей және Қытаймен Қалбатау-Майқапшағай тас жолын, Тұғыл ауылындағы өзен портын және жаңа теміржол өткелін біріктіретін мультимодальды хаб құру мәселесін талқылап жатыр.
Ел билігі жүкті Тұғыл арқылы әуелі автокөлікпен, кейін су арқылы Ресейге, теміржол арқылы Солтүстік теңіз жолына жөнелтуді жоспарлап отыр. Тасымалдаудың бастапқы көлемі 2 миллион тоннаға бағаланады. Ал әлеуеті 10 миллион тоннаға дейін өседі.
Сондай-ақ биыл облыста Өскемен, Алтай, Құмыстау, Риддер және Шемонаиха қалаларындағы теміржол вокзалдары жаңартылады.
Айта кетейік, бұған дейін Биыл Қазақстанда үш жаңа әуежай салынатыны туралы жазған едік.