Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зайырлы мемлекет деген не? Қазақстан неге бұл жолды таңдады? Сарапшы жауап берді

Еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған соң өзін зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет деп атағанын білеміз. Бұл - ҚР Конституциясының 1-бабында бекітілген қағида. Дегенмен зайырлылық пен сенім, мемлекет пен дін ұғымдарын көпшілік әлі де дұрыс ажырата бермейді. Stan.kz тілшісі философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Алмасбек Шағырбай Дүйсенбекұлынан зайырлы қоғам түсінігі мен Қазақстанның діни позициясы туралы сұрап білді. 

ту

Зайырлы мемлекеттің діни немесе басқа да ұстанымдағы елдерден айырмашылығы

"Зайырлылық қағидасына тоқталмас бұрын оның не екеніне үңілген жөн.  Зайырлылық сөзінің бірнеше мағынасы бар. Ол, ең алдымен, "дін - мемлекеттен бөлек" дегенді білдіреді. Бұл қағида бойынша ар-ождан бостандығы бірінші орында, мемлекеттің дінге деген ұстанымы бейтарап. Зайырлы мемлекетте қандай да бір ресми дін жоқ және бірде-бір дін басым деп танылмайды. Мемлекет дінге, дін мемлекетке араласпайды", - деді дінтанушы. 

Оның айтуынша, зайырлылық мемлекет билігін діни тап өкілдеріне бермеуді көздейді. Ал теократиялық мемлекетте дін мемлекетке әсер етеді. Мысалы, Иран, Сауд Арабиясы сияқты мұсылман елдерінде дінбасылар билікке ие, президенттермен бірге олар да мемлекеттік істерге араласады. Мұнда Ислам діні ресми дін деп саналып, заңдар Құран негізінде дайындалады. Израиль елі де теократиялық сипатта, иудаизм дініне басымдық берілген.

Зайырлы мемлекет "атеистік" бағытты ұстанады деген қате пікір ме?

Зайырлылық "дінсіздік" немесе "дінді жек көрушілік" емес. Сондықтан зайырлы қоғам өкілдерін белгілі бір сенімі жоқ деп айтуға келмейді. Алмасбек Шағырбай әлемдік қауымдастықтағы зайырлылықтың үш түрін атап өтті:
Зайырлылықтың бірінші үлгісі – секуляристік (атеистік) үлгі. Бұрын Кеңес одағы кезінде атеистік үлгідегі мемлекет болды, қазір Қытайда осы бағытты ұстанады. 

Зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Мұндай мемлекеттерде қандай да бір діни бірлестік немесе конфессия ерекше құқыққа ие болмайды. Қазақстан қазіргі таңда зайырлылықтың сепаратистік үлгісін ұстанады.
Зайырлылықтың үшінші үлгісі – таңдамалы негіздегі үлгі. Мұнда қоғамның басым бөлігі ұстанатын дінге конституциялық деңгейде басымдық берілуі мүмкін. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде христиандық діннің католицизм, протестантизм бағыттарына ерекше мәртебе берілген. АҚШ-та демократиялық жолдармен реттелетін діни қарым-қатынас саласында христиан шіркеулерінің рөлі басқа діндерден басым.  

Қазақстан толықтай зайырлы мемлекет ретінде қалыптаса алды ма, соның ішінде "сепаратистік" үлгіні ұстануы қандай қиындықтар тудыруы мүмкін?

"Біз тәуелсіздік жылдарында толықтай зайырлы қоғам құра алдық. Бүгінде әрбір қазақстандық белгілі бір дінді ұстануға және діни ілімді меңгеруге немесе діни догмалардан бөлек, өзінің жеке сенімдері бойынша өмір сүруге құқылы", - деп түсіндірді маман. 

Дінтану институты ғылыми қызметкерінің айтуынша, зайырлы болудың өзіндік қиындықтары бар. Әсіресе, араб елдеріндегі жағдайлар, қазіргі таңда саяси ахуалға байланысты миграция қоғамға ықпал етуі мүмкін. Бұл тұрғыда халықтың діни сауаттылығы маңызды. Экстремистік топтарға еріп кетпей, өзге дін өкілдеріне төзіммен қарау зайырлы қоғамға тән.

Ол аталған қиындықтарды жеңуге болатынына сенімді. 2011 жылдан бастап "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңына сәйкес, мемлекет пен діни конфессиялардың қарым-қатынасы зайырлық принциптерге байланысты  нығайды. Заң талабы бойынша 1 жыл ішінде 32% діни бірлестіктердің саны қысқарып, 46 конфессиялар мен деноменациялардан     18 конфессия қалдырылды, мемлекеттің заңы мен дінтанулық ғылыми сараптамадан өтпеген конфессиялардың қызметіне шектеу жасалынды. 
"Жаһандық деңгейде болып жатқан үрдістерді, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соңғы жетістіктерді және еліміздің ішкі әрі сыртқы саясаттағы ұстанымдарын назарға ала отырып, Қазақстан үшін зайырлылықтың "сепаратистік" үлгісі ең дұрыс таңдау болды деп есептеймін", - деді дін саласының сарапшысы.

Халықтың діни сауатын арттыру, "зайырлылық" қағидатын сіңіру бойынша еліміздегі жасалған шаралар

Алмасбек Шағырбай еліміздегі діни ахуалды оңтайландыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру барысында белгілі шаралар ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Мысалы, прокуратура органдары зайырлылық принциптерін насихаттау және діни экстремизмнің қателігін түсіндіру шараларын онлайн және оффлайн форматтарында жүргізді. Құзырлы органдардың мәлімдеуінше, телефон арқылы "жалған терроризм" баптары бойынша хабарлама таратушылардың үлесі төмендеген. Бұл да - бір нәтиже. Бастысы - БАҚ арқылы лаңкестік және экстремистік ұйымдардың қауіптілігі қоғамға түсіндірілуі қажет. Қуантарлық жайт, қазір дін туралы материалдар, теолог-мамандардың пікірі жарияланатын болды. 

"Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Зайырлы болудың басты мәні – халық, ұлт арасындағы бейбітшілік, теңдікті қалыптастыру. Зайырлы қоғам сенімдердің санына қарамастан, бірлікте өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бүгінгі күннің қажеттілігі деп санаймын", - деп сөзін аяқтады маман.

Талқылау