Екі адам қаза тапқан: Алматы облысындағы цехта жарылыс болды (видео)
Фото: ТЖД
23 мамыр Алматы облысы Қарасай ауданының Жібек Жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін өндіру цехының аумағында жарылыс болып, артынша өрт шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сәйкес, астық қалдықтарының шаң-тозаңы жарылысқа себеп болған.
"Құтқару бөлімшелері келген кезде қатты түтіндену байқалды. Жедел түрде штаб құрылып, төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың арқасында өрт толығымен жойылды. Жану алаңы 1377 шаршы метрді құрады. Оқиғаның себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД-нің Өрт-техникалық зертхана қызметкерлері мен анықтау бөлімінің мамандары оқиға орнына жіберілді”, – делінген хабарламада.
Жарылыс салдарынан төрт адам жарақат алған.
"Өрт сөндіру барысында ТЖД қызметкерлері баспалдақ арқылы бір ересек адамды құтқарып қалды. Сонымен қатар төртеуі Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілді”, – делінген ТЖД ақпаратында.
ТЖМ қауіп-қатер медицинасы орталығының филиалы мен Жібек Жолы ауылындағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының мамандары зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті.
Сонымен қатар ТЖД психологы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.
Төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапқан. Екеуі де алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Тағы екі адам ауыр жағдайда жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір науқастар жансақтау бөлімінде жатыр, денелерінің 80-90 пайызын күйік шалған.
"Бүгінде науқастардың жалпы жағдайы негізгі ауру аясында өте ауыр. Қажет қарқынды емдеу мен бақылау толық көлемде жүргізіліп жатыр. Облыстық комбустиолог пен реаниматологтың кеңестері алынды, емдеу шаралары келісіле отырып атқарылып жатыр. Облыстың штаттан тыс мамандарымен күнделікті кеңес өткізіліп отырады. Денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастарды жеке бақылауына алып, уақытылы диагностика мен емдеуді толық көлемде жүргізу үшін барлық қажет шараларды қабылдап жатыр", – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф
