Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заңгер: Астанада мұғалімі оқушы “екі” алды деп ата-анасының орнына өзі қол қойған, бала сыныпты екі рет оқыған

Астанадағы №31 мектепте оқитын М.Мұхасалимов осымен екінші жыл 10-сыныпқа барып жүр. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қабылдауына жазылған заңгер Алтын Жандосова мектеп директорының кінәсінен бір жылы зая кеткен оқушының мәселесін көтеріп, министрден көмек сұрады.

Фото: ©Виталий Аньков

Заңгердің айтуынша, қазір 10-сынып оқушысы М.Мұхасалимов мектепке барудан бас тартып отыр. Бір жарым аптадан бері үйде екен, деп хабарлайды Sputnik.

“Өткен жылы 10-сыныпты бітіргенде, тарих пәнін “екіге” тапсырды деп, сынып жетекшісі табельге ата-анасының орнына өзі қол қойып жіберген. Оқушының ата-анасы бұдан хабарсыз. Сөйтіп директор әлгі баланы 10-сыныпқа қайтадан қалдырмақшы болған. Мұны естіген ата-анасы мектеп директорына келіп, ұлдарының тарихтан тапсырған жазбаша жұмысын көрсетеді. Бала бәрін толық жазып берген, екі алатындай еш себеп жоқ. Сөйтіп білім бөлімінің өкілдері араласып, комиссия құрылып, тарихты екінші рет тапсыруға мүмкіндік береді. Қайта емтихан ұйымдастырып, ақыры 11-сыныпқа барасың деген. Мен де директордың бұл сөзіне сендім. Жаңа оқу жылында, яғни былтырғы жылдың қыркүйегінде мектеп директоры ата-анасын жеке шақырып алып, “ұлдарың бір апта 10-сыныпта оқи тұрсын, кейін мен оны 11-сыныпқа ауыстырамын” деп уәде еткен. Бірақ бұл жайында маған тіс жармасын деген, менің заңгер екенімді біледі ғой. Сөйтіп не керек, мәселе шешілген шығар деп жүрсем, жақында әлгі баланың ата-анасы хабарласып, “директор бізді алдады, балам әлі 10-сыныпта оқып жүр, оқу жылы да бітуге таяп қалды” деп көмек сұрады”, — деді заңгер министрге “Нұр Отан” партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде.

Алтын Жандосованың айтуынша, мектеп директоры  “ана мектеп басшысымен сөйлестім, мына мектеппен келістім” деп оқушының ата-анасын бір жыл бойы алдаусыратып келген.

“Бала толық отбасынан, ұлты түрік, жеке бизнесі бар. Баланың сабақ үлгерімі жақсы, оның алдында екі жыл қазақ-түрік лицейінде оқыған. Кейін лицейдің ақшасы өсіп кеткен соң, төлеуге жағдайы келмей, ұлдарын қайтадан сол өзі оқыған 31-мектепке береді. Енді қазір осындай мәселе туындап отырған соң, “барымызды сатсақ та, сол лицейде қалдыруымыз керек еді, біз қателік жасадық” деп өкініп отыр”, — деді заңгер Sputnik Қазақстан тілшісіне министрдің қабылдауынан шыққан соң.

“Осыдан кейін білім және ғылым министрі азаматтарды қабылдайтынын естіп, ата-анасына хабарласып, министрге осы мәселемен кіретінімді айттым. Олар да қарсы болған жоқ, керісінше мән-жайды түсіндіріңізші ол кісіге деп өтінді. Министрге кіретінімді мектеп директоры біліп қалып, ата-анасын бопсалаған ба, нақты білмедім. Әйтеуір маған телефон соғып, “министрге кірмей-ақ қойыңыз, ұлымызға зияны тиіп кетіп жүрер” деді. Мен айттым, енді бәрі кеш, ол кісінің қабылдауына жазылып қойдым” деп. Айтыңызшы енді, баланың тағдырымен ойнауға болмайды ғой. Баланың үлкендерге сенімі жоғалған. Бір жарым аптадай болды, “мен мектепке бармаймын, сабақ туралы айтпаңдар”деген ата-анасына”, — деді Алтын Жандосова.

Заңгердің арызын тыңдаған министр мырза “ата-анасы менің атыма арыз жазсын” деді.

“Біздің процедура мынадай: ең әуелі бұл мәселе сол мектептің қамқоршылық кеңесінде қаралуы тиіс. Олар істің анық-қанығына көз жеткізіп, қателік кімнен кеткенін анықтап, бізге баяндайды. Біз өзіміз қызметтік тексеріс жүргізе аламыз. Бірақ ол үшін ең алдымен сіздің қағаздарыңызды прокуратураға жіберуіміз керек. Ең дұрысы баланың ата-анасы келіп, менің атыма арыз жазсын”, — деп қысқа қайырды Сағадиев.

Тағы оқыңыз: 

“Алма ТВ” компаниясының ақшасы мен мүлкіне бұғау салынды

Шығыс Қазақстанда жол бойында жүрген аюдың видеосы тарады

Талдықорғанда мұғалімінің ұрысын көтере алмаған оқушының жүрек талмасы ұстап қалды 

 

Талқылау