Жанәбілов лотерея ұйымдастырған өзге блогерлердің неге жауапкершілікке тартылмағанына таңданды

Астанада блогер Жанәбіловтердің соты өтіп жатыр. Сотта Жанәбілов Нұрбек Нұртаза мен Дархан Жолшыбековтың заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылмағанына таңданысын білдірді. Оған қоса екі блогердің бұған дейін де осындай ұтыс ойындарын өткізгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотта блогер Жанәбілов өзіне тағылған айыптарға қатысты түсініктеме берді. Ол курстардың мазмұны мен ұтыс ойындарының қалай ұйымдастырылғанын баяндады. Оның сөзінше, сатылған курстардың негізгі мақсаты Қытайдан тауар әкелу жолдарын үйрету болған.
“Курста жеткізушілермен қалай келісу керек, зауыттарға қалай шығуға болады, отбасылық бюджетті қалай үнемдеу қажет, Қытайдан тауарға қалай тапсырыс беру керек деген тақырыптар түсіндірілді. Адамдар мұны өзіне керек заттарды арзан алуға, үйге қажет тауарлар сатып алуға немесе онлайн сауда бастап, кәсіп ашуға пайдалана алады”, – деді ол.
Сот барысында одан платформалардың қай тілде жұмыс істейтіні сұралды. Жанәбілов бұл қосымшалардың негізінен қытай тілінде екенін айтты.
“Телефондағы қосымша да қытай тілінде. Ноутбук арқылы кірсеңіз, кейбір бөлігін ғана аударуға болады. Бірақ толық әрі нақты аударма жоқ”, – деді айыпталушы.
Ұтыс ойындарын өткізу идеясы қайдан келді деген сұраққа Жанәбілов бұл ұсынысты Нұрбек Нұртаза мен оның жұбайы Әмина айтқанын мәлімдеді.
“Олар басқа блогерлерге де осындай оқу курстарын өткізіп, ұтыс ойындарын ұйымдастырғанын айтты. Сатылымды ынталандыру үшін осындай тәсіл қолданған, бәрі сәтті өткенін жеткізді. Сосын бізге де ұсынды”, – деді ол.
Жанәбілов техникалық жұмыстарға Нұртазаның өзі көмектескенін де айтты.
“Ол түсірілім, монтаж, техникалық жағынан көмектесті”, – деді айыпталушы.
Жанәбілов “басқа блогерлер заң бұзғанын біле тұра әрекет етті” деген уәжбен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, Нұртаза сотта 50–60 блогердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтқанымен, бұл ақпарат өздеріне іс қозғалғаннан кейін ғана жарияланған. Сондықтан мұны алдын ала білу мүмкін болмады дейді ол.
Сотта Жанәбілов Нұртаза мен Дархан Жолшыбековтың салыққа қатысты дауға іліккені жөнінде естігенін айтты.
“Мен олардың заңсыз лотерея үшін жауапқа тартылғанын білген жоқпын. Желіде Instagram мен TikTok-та тек салық төлегені туралы ақпарат тарады”, – деді ол.
Осы тұста сотта 2025 жылы 12 наурызда жарияланған материал да көрсетілді. Онда Дархан Жолшыбеков пен жұбайы Дариғаның курстардан 1,5 миллиард теңге табыс тапқаны, 300 миллион теңгелік үйді ұтысқа қойғаны жазылған. Одан кейін шамамен 800 миллион теңге болатын зәулім үй алғаны айтылған. Сонымен қатар олардың табысына байланысты салық органдарында сұрақ туындағаны көрсетілген. Жанәбілов осы деректерді алға тартып, Нұртаза мен Жолшыбековтің неге жауапқа тартылмағанын сынға алды.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты