Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты мәлімдеме жасады

Фото: Ақорда

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Таяу Шығыс пен Иран айналасындағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды сабыр сақтауға және қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ОДКБ) парламенттік ассамблеясы кеңесі Таяу Шығыстағы және Иран айналасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

Құжатта Кеңес Иран аумағына жасалған әскери соққылар мен өңірдегі жағдайдың ушығуына байланысты терең алаңдаушылық білдіреді. Барлық тарапты ұстамдылық танытуға және жағдайды ушықтыруы мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырады. Кеңес күш қолдануды жол берілмейтін деп санайды және туындаған қайшылықтар тек бейбіт жолмен, диалог, өзара құрмет және барлық тараптардың мүдделерін ескеру негізінде, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысына сәйкес реттелуі тиіс екенін атап өтеді.

Мәлімдемеде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен БҰҰ-ға халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қатерлердің алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы үндеу жасалған.

Сонымен қатар Иранның егемендігі, қауіпсіздігі және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету қажеттігі ерекше атап өтілген. Соңында қаза тапқандардың отбасыларына шынайы көңіл айту білдірілді.



Еске салайық, бұған дейін Трамп Иранмен келіссөз басталғанын мәлімдеп, шабуылды 5 күнге тоқтатуды тапсырды. Ақ үй басшысы мұны Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен Иран соңғы екі күн ішінде Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерді “толық әрі жан-жақты реттеу” мәселесі бойынша “өте жақсы және нәтижелі келіссөздер” өткізген.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 12:31