Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ұзақмерзімді стратегия мен салықтық тұрақтылықсыз баршаға қиын болады”: AMM-2025 халықаралық тау-кен-металлургия конгресінде не айтылды


Астанада тау-кен-металлургия саласының көшбасшыларын біріктірген AMM-2025 Халықаралық конгресі жалғастыруда. 15-рет өтіп отырған ірі шараға қазақстандық және шетелдік компаниялар, халықаралық ұйымдар, парламент пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

"Qarmet" АҚ басқарма мүшесі – қаржы және стратегиялық даму жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Зауре Заурбекова панельдік сессияда сөз сөйлеп, отандық бірегей кәсіпорынның алдында тұрған сын-қатерлер туралы және ресейлік кәсіпорындармен бәсекелестікке қарамастан қол жеткізілген нәтижелер жайында айтты.

"Қарағанды металлургия комбинаты – Орталық Азиядағы толық циклды жалғыз металлургиялық зауыт. Яғни, темір кені мен көмірді өндіруден бастап, терең өңделген болат өнімін шығаруға дейінгі бүкіл технологиялық тізбек бар. Әрбір килограмм өнімнің артында күрделі өндірістік жұмыс жатыр. 2023 жылдың желтоқсанында жаңа команда жұмысқа кіріскенде, кәсіпорын күйреудің аз-ақ алдында еді. Себебі негізгі қордың тозуы 60%-дан асып, шикізат қоры таусылған болатын. Бұл 1995 жылды еске салды – сол кезде де "Qarmet" нөлден бастап көтерілген. Осы бір жылда болат өндірісі 15%-ға, шойын қорыту көлемі 12%-ға өсті", – деді Зауре Заурбекова.

Кәсіпорынның басты басымдығы – қауіпсіздікке бағытталған, әсіресе көмір шахталарында бұл анық байқалады. Бұл бағытта жер асты дегазациясы, позициялау және метан бақылауы сынды бағдарламалар іске қосылды. Олар "Сколково" сияқты инновациялық орталықтармен бірлесіп әзірленген. Алдағы бес жылда қауіпсіздікке 300 миллион доллар бөлінбек. Компанияның жалпы инвестициялық жоспары – 3,5 миллиард доллар, оның ішінде экологиялық жобалар да бар.

"Нарық өте бәсекелі. Қасымызда алып ресейлік нарық тұр – ол әрі тұтынушы, әрі қарсылас. Санкциялардан кейін ресейлік металлургтер Орталық Азия нарығына белсенді шықты. Біз жылына 10–12 миллион тонна болат өндіретін алпауыттармен бәсекелесіп отырмыз. Соған қарамастан, өнімнің өзіндік құнын төмендету арқасында Qarmet болат нарығындағы үлесін арттыра бастады", – деді Заурбекова.

Оның айтуынша, Qarmet-тің келесі 5 жылдағы мақсаты – ТМД кеңістігінде баламасы жоқ бірегей металл өнімдерін шығару, бұл компанияның халықаралық нарықтағы позициясын күшейтуге мүмкіндік береді.

Конгресс барысында қазақстандық тау-кен-металлургия кәсіпорындарының өкілдері де саланың өзекті мәселелері мен сын-қатерлері жайында пікірлерін ортаға салды.

"Біз де өзге өндіріс орындары сияқты ортақ мәселелерге тап болып отырмыз. Ол – мемлекеттік реттеу, ішкі нарық, кадр тапшылығы. Мұның бәрі дамуға кедергі келтіреді, әсіресе капиталы көп және ұзақмерзімді жоспарлауды қажет ететін біздің салада. Ең өзекті мәселелердің бірі – саланың біртұтас даму стратегиясының болмауы. Заңнама шашыраңқы. Бірін қазба туралы заң, екіншісін салық кодексі, үшіншісін кәсіпкерлік кодекс реттейді. Осы себепті пайдалы бастамалар іске аспай жатады.


Біз өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Кен орындарымыз ескіреді, шикізатты алу қиындап барады. Даму үшін терең ғылыми зерттеулер қажет. Біз оған миллиондар құйып жатырмыз, бірақ қазір бұл қаржыны орталықтандыру мәселесі қарастырылуда. Бұл қолданбалы ғылымға қауіп төндіреді. Салыққа қарсы емеспіз, бірақ тепе-теңдік болуы қажет", – деді Заурбекова.

Сондай-ақ ол кадр тапшылығы мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, сала беделін жоғалтып барады, жастар шахта мен кен орындарына барғысы келмейді.

"Ауыр еңбек жағдайынан зейнетке ерте кететіндер көп, бірақ олардың орнына баратындар аз. Өңірлерде жұмыс күші жетіспейді, бірақ біз адамдарды жай ғана жұмыстан шығара алмаймыз – әлеуметтік жауапкершілігіміз бар. Бұл – қосымша шығын, әрдайым тиімді емес, бірақ біз үшін дұрыс жол – осы. Сонымен қатар, энергия, шикізат пен логистика шығындары жоғары болғандықтан өнімнің өзіндік құны да жоғары. Мәселен, былтыр біз бір "жасыл" энергия киловатына 44 теңге төледік", – деп қосты спикер.

Зауре Заурбекованың айтуынша, мемлекеттің 3 немесе 5 жыл емес, ең кемі 20 жылға есептелген ұзақмерзімді жоспары болуы тиіс.

Бізге нақты стратегия қажет: қазір қайдамыз, қайда барамыз, 2040 жылы неге қол жеткізгіміз келеді? Инвесторлармен жоспарларымызды талқылағанда, олар тұрақты жағдайды көруі тиіс – бір жылдың ішінде өзгеріп кетпейтін ережелер болуы қажет. Естеріңізде болса, 2000 жылдардың басында "2030 стратегиясы" қабылданған еді. Ол кезде 2030 жыл алыс көрінген, ал енді міне, ол таяп қалды. Сол құжатта көрсетілген мақсаттардың бір бөлігін орындауға қол жеткіздік.

Әр компанияның өз стратегиясы, миссиясы, көзқарасы бар. Бәлкім, мемлекетке де "Тау-кен кодексі" немесе бірыңғай стратегиялық құжат қажет шығар. Ең бастысы – тұрақтылық. Тұрақтылықсыз даму жоқ. Біз мұнайшылармен бірге республикалық бюджеттің 80%-ына дейін қамтамасыз етеміз. Бұл – экономиканың басты тіректерінің бірі. Үкіметке саланы қолдағаны үшін алғыс айтамыз және бұл қолдау ұзақмерзімді және тұрақты сипатқа ие болады деп үміттенеміз. Біз тұрақты даму үшін жұмыс істейміз және барлық серіктестерімізден осы бағытты қолдауды сұраймыз", – деп түйіндеді Зауре Заурбекова.

STAN.KZ
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 09:26
Талқылау