Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына қабілетті жастарды қабылдау керек екенін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек екенін мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pexels.com
"Әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал", – деді президент.
Тоқаевтың сөзінше, ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады.
"Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет", – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн деп отыр.
"Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз", – деп түсіндірді президент.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 500-ге жуық мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келгенін жаздық. Мұғалімдер санатын көтеруге арналған сертификатты сатып алды деген күдікке ілінген. Істі құзырлы органдар тексеріп жатыр. Іске қатысты бірқатар лауазымды тұлға мен жауапты қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ұстаздардың тамыз кеңесінде мәлімдеді.