Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұшақтағы қол жүгі: Салмағы мен көлемі, салынатын заттарға қандай талап қойылады?

флайарыстан

Фото: shutterstock.com

Мереке және демалыс күндері әуесапарларға сұраныс артып, рейстердің жүктемесі ұлғаяды. Мұндай уақытта сапардың жайлы әрі ойдағыдай өтуі алдын ала дайындыққа тікелей байланысты. Әсіресе, қысқа мерзімді демалыстарда жеңіл саяхаттау үшін қол жүгіне қойылатын талаптарды ескерген маңызды.

Қол жүгіне қандай талап қойылады? Ең тиімді тарифтерді қалай таңдауға болады? Қол жүгінде қандай өнімдерді алып жүруге болады? Сапарға дайындық барысында нені ескеру керек? Осы және өзге де сұрақтарды FlyArystan әуекомпаниясының өкілінен сұрап көрдік. 

Қол жүгі деген не? Оған не салуға болады?

Қол жүгі – салмағы 5 келіге дейінгі бір сөмке не шағын чемодан. Оның өлшемі қалташасы, дөңгелегі мен басқа да бөліктері қоса алғанда 56×23×36 сантиметрден аспауы керек. Себебі тек осындай өлшемдегі қол жүгі 180/188 жолаушы орындығы бар ұшақ салонындағы жүксалғышқа оп-оңай сыяды. 

Жолаушы қол жүгіне тыйым салынбаған кез келген затты (телефон, планшет, ноутбук, құжат, әмиян, құлаққап, кітап, шағын сувенир және т.б.) салуға болады. Көбіне бағалы және рейсті күтіп тұрғанда, ұшып бара жатқанда қажет болуы мүмкін заттарды алған жақсы.

Айта кетері, қосалқы батарея, пауэрбанк пен шылым шегуге арналған электронды құрылғыларды жүкке тапсыруға болмайды. Мұндай заттарды қол жүгі ретінде ғана тасымалдауға болады: егер сыйымдылығы 100 Вт/сағ-тан аспаса, әуекомпанияның рұқсатынсыз, 100-160 Вт/сағ аралығында болса, алдын ала рұқсатты керек етеді.

флай

"Ұшақ салонына алып өтуге болмайтын заттардың тізімін FlyArystan сайтынан көруге болады. Қажет болса, жолаушы авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері сұратқан барлық ақпаратты ұсынуға міндетті. Затты алып өтуге тыйым салынса, әуекомпания шығынды өз мойнына алмайды және әуежайдың тексеріс қызметінің шешіміне қарсы келмейді", – деп түсіндірді FlyArystan әуекомпаниясы кірістерді басқару жөніндегі аға менеджері Айжан Маден.

Айжан Маден

Фотода Айжан Маден/FlyArystan

Әуекомпания өкілдері бөгде адамдардан тасымалдау үшін қандай да бір сәлемдеме мен заттарды алуға болмайтынын ескертті. Кей әуежайларда қосымша қауіпсіздік шаралары болуы мүмкін. Мұндай ақпарат әуежайдың сайтында жарияланады.

FlyArystan компаниясында неге кішкентай пакет те артық салмақ болып есептеліп кетеді?

Жолаушылар сөмкенің қол жүгі стандартына келетінін не келмейтінін әр әуежайда орналасқан стандартизатор арқылы өздері тексере алады. Әуекомпания қызметкерлері тіркеу кезінде және ұшаққа отырғызар сәтте жүкті қосымша тексереді. Қол жүгін қайта тексеру – әлемдік тәжірибеде қалыпты жағдай. Мұны әсіресе, лоукост-әуекомпаниялар міндетті түрде керек етеді. Осылайша барлық жолаушылардың жүкті алып өту және тасымалдау ережелерін сақтағанына көз жеткізеді.

Ұшаққа бір сөмкені ғана қол жүгі ретінде алып өтуге болады. Қосымша кішкентай сөмке, пакет, фотоаппарат не ноутбукты сол сөмкеге сыйдырған жөн. 

FlyArystan Airbus A320ceo мен Airbus A320neo моделіндегі ұшақтармен ұшады. Максималды сыйымдылығы – 180-188 орын. Тасымалдау ережелерін сақтау және жүк бөлімінде орын жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін лоукостер "бір қол жүгі" принципін қолданады. Сондықтан кез келген қосымша пакет, сөмке не басқа заттар нормадан тыс болып есептеледі. 

Қол жүгінің салмағы 5-10 кг аралығында болса, жолаушы алдын ала үлкейтілген қол жүгі қарастырылған "Стандарт Плюс" не "Комфорт плюс" тарифін рәсімдей алады немесе сайт пен FlyArystan мобильді қосымшасы арқылы "10 кг қол жүгі" қызметін сатып ала алады.

Тариф алдын ала рәсімделмесе, әуежайда 10 келіге дейін ұлғайтылған қол жүгі нормасын сатып алуға не заттарды жүкке өткізуге болады. Әйткенмен әуежайда мұның бағасы онлайн қызметтен біршама жоғары.

Төлем артық салмақтың әр келісі үшін емес, 10 келі нормасына белгіленген тарифпен алынады. Мысалы, қол жүгінің салмағы 1,5 келіге артық болса да, 10 келі нормасы бойынша төленеді.

Алматы-Астана бағытын мысал етіп алайық:

  • Әуе билетімен бірге қол жүгі тарифін алғанда – 7710 теңге
  • Қызметті жеке онлайн рәсімдегенде – 7700 теңгеден басталады;
  • Әуежайдағы тіркеуден өту кезінде төлем жасалынса – 11 000 теңге
  • Ұшаққа отырғызар сәтте төлем жасалынса (ұшуға 40 минут қалғанда) – 12 000 теңге. 

*Тарифтер мен бағалар мақала жарияланған сәттегі деректерге негізделген.

FlyArystan лоукостерінде қол жүгіне қатысты ереже мен норма барлық бағытта бірдей. Әйткенмен "10 келі қол жүгі" қосымша қызметінің құны ұшу бағытына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Бағалар әуекомпания сайтында көрсетілген.

Халықаралық рейс жолаушылары үшін қосымша шарт: жолаушылар бажсыз сауда дүкендерінен (duty free) алынған тауарларды қол жүгімен бірге тегін алып өту үшін тауарлар фирмалық Duty Free пакетіне салынуы керек әрі өлшемдері 56×23×36 см-ден аспауға тиіс. Талаптар сақталса, пакет санына шектеу қойылмайды.

Қазы-қарта не басқа да тағам түрлерін тасымалдауда қандай ереже бар?

Ұшаққа алып өтерде әр азық-түлікке қауіпсіздік, дұрыс қаптау және кеден нормасына қарай әртүрлі талап қойылады. FlyArystan әуекомпаниясында жолаушыларға ет, балық пен сүт өнімдерін тіркелген жүкке ғана салуға рұқсат беріледі. Сондай-ақ көлем мен қаптауға қатысты бекітілген нормалар сақталуы керек.

флай

Халықаралық рейстерде ет өнімдерін ветеринарлық сертификат болған жағдайда ғана алып өтуге рұқсат етіледі, әрі мұндай өнімдер міндетті түрде тіркелетін жүкке тапсырылады. Құрт секілді қышқыл-сүт өнімдеріне қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2023 жылғы 27 шілдедегі №548 бұйрығының 5-тармағы қолданылады. Бұл құжатқа сәйкес, құрамы белгісіз, қаптамасы, техникалық паспорты және сәйкестік туралы сертификаты жоқ сұйық өнімдерді тасымалдауға тыйым салынады.

Құртты әрі тіркелетін жүкке, әрі қол жүгіне салуға болады. Бірақ оның зауыттық қаптамасы болуы және белгіленген көлем талаптарына сәйкес келуі қажет.

Қол жүгін қалай дұрыс жинау керек?

Блогер, саяхатшы, Sayahat Time Youtube-арнасының авторы Ернар Алмабек қол жүгін дұрыс жинауға қатысты лайфхактарын айтып берді. Оның сөзінше, әуежай тексерісінде барлығын жіті қарайды. Сондықтан сөмкені дайындағанда ескеретін жайттар өте көп дейді.

Ернар Алмабек

Фото Ернар Алмабектің жеке мұрағатынан

“Үнемі сапарда жүретіндіктен, қол жүгінде алып жүруге болатын және болмайтын заттардың тізімін жаттап алдық. Алғашында "байқамай қалатын шығар" деп тыйым салынған заттарды қол жүкке салып алған кездер де болды. Бірақ әуежай тексерісінде ондай "байқамай қалу" болмайтынын түсіндік. Бірде білместіктен қымбат иіссудан айырылып қалдық. Тексеру қызметкері оны көз алдымызда қоқысқа тастады. Сондықтан алдын ала қамданған дұрыс. Тыйым салынған заттардың тізімін билет алмас бұрын әуекомпаниялардың сайтынан тексеруге болады. Ал пауэрбанкты жол жүгінде емес, қол жүгінде алып жүру керек. Бірақ оны ұшақ ішінде қолдануға болмайды.”, – дейді ол.

Сондай-ақ ол ұшаққа отырар кезде қолда ұстайтын ұсақ заттарды азайту керек дейді.

“Сөмкеңізде, қалтаңызда тыйым салынған заттар болмаса да, сол тексеріске алдын ала дайындалып шыққан жөн. Қолда ұстайтын ұсақ заттың санын азайтсаңыз, өзіңізге де ыңғайлы. Мысалы, белдік пен сағат, жүзіктеріңізді сөмкеңіздің бір бұрышына салып қойыңыз. Бұл металл детекторынан жылдам өтуге көмектеседі. Әрі оны шешіп, қайта тағып әуре болмайсыз. Жоғалтып алу қаупі де азаяды. Ең бастысы, бұл тексерістің бәрі жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалатынын түсіну керек”, – деп қосты Ернар Алмабек.

Ұшу кезінде артық төлемей, тексерістен емін-еркін өту үшін не істеу керек?

"Жолаушыларға сапарды алдын ала жоспарлауға кеңес беріледі. Ең тиімді тарифтерді пайдалану үшін қол жүгінің көлемі мен салмағын алдын ала өлшеп алған жөн. Соған сәйкес, өзіңізге керек тарифті таңдап, билет алар кезден-ақ рәсімдеп қойған абзал. Осылай қаржыңызды 70%-ға дейін үнемдеуге болады. 2024 жылы жолаушыларымыздың 75%-ы қосымша қызметтерді онлайн алдын ала рәсімдеп, уақыт пен қаражатты үнемдеген. Ең танымал таңдау – “Комфорт” тарифтік топтамасы болды. Сонымен қатар жеңіл саяхаттауды қалайтындар да аз емес: былтыр төрт жолаушының үшеуі тек 5 келіге дейінгі қол жүгін пайдаланумен шектелген", – деп бөлісті әуекомпанияның өкілі Айжан Маден.

Сонымен қатар жүк тасымалдау ережелерімен алдын ала танысып, қол жүгіне қатысты белгіленген нормаларды сақтау маңызды. Әуежайдағы ұшып келу және ұшып кету талаптарын, сондай-ақ ұшу бағытының ерекшеліктерін ескеру тексеріс кезіндегі келеңсіз жағдайлардың алдын алып, сапарыңызды жайлы етеді.

Назархан Уән
Бейсенбі, 25 Желтоқсан, 2025 09:00