"Ұрып-соғып, жедел жәрдем шақыртпады": Қазақстандық актриса тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтты

Қазақстандық блогер әрі актриса Анель Аманғалиева жарты жылдан астам уақыт бойы күйеуінен қысым көріп, қоқан-лоқыға ұшырап жүргенін және ресми түрде ажыраса алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Анель Аманғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында жеке “Бишімбаевқа” тап болғанын айтты. Оның сөзінше, М. Б. есімді заң жүзінде әлі күнге дейін оның күйеуі саналатын ер адам ажырасу процесіне кедергі келтіріп отыр.
Актрисаның айтуынша, 2024 жылдың соңында некелері тіркелгеннен кейін күйеуі оған психологиялық қысым көрсете бастаған: қорлаған, кінә сезімі арқылы манипуляция жасаған және қорқытқан. Ол ер адам интимдік фото мен видеолар арқылы бопсалағанын, сондай-ақ әлеуметтік желіде жалған парақшалар ашып, солар арқылы оның таныстары мен клиенттеріне жазғанын алға тартты.
Ерлі-зайыптылар іс жүзінде бірге тұрмаған. Анель Аманғалиева күйеуінің компаниясында жұмыс істегенін және табыс көзінен айырылып қалудан қорыққандықтан, ұзақ уақыт бойы байланысын толық үзуге батпағанын жеткізді.
Блогер бірнеше рет физикалық зорлық-зомбылыққа да ұшырағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, оның сөзінше, былтыр маусымда Гүржістанға сапар кезінде ер адам оны ұрып-соғып, мұрнын сындырған және жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермеген. Медициналық көмек Қазақстанға оралғаннан кейін ғана көрсетілген, дәрігерлер бас пен мойын жарақаттарын, сондай-ақ мұрын сүйегінің сынғанын тіркеген.
Тағы бір жанжал Алматыда, кейін Ташкент әуежайында болған. Актрисаның сөзінше, күйеуі оның телефоны мен жеке заттарын тартып алып, қоқан-лоқы көрсеткен.
Анель жұмыстан шығып, жеке кәсібін ашып, хабарламаларға жауап беруді тоқтатқаннан кейін күйеуінің әрекеті одан әрі агрессивті бола түскен. Оның сөзінше, ер адам оның бірінші некесінен туған 8 жастағы ұлына қатысты да қоқан-лоқы жасаған,
Актриса М. Б. ірі IT-компанияларда басшылық қызметтер атқаратынын, мемлекеттік құрылымдармен бірлескен жобаларға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Қазақстанға келгеніне небәрі 4-ақ жыл": Бұрынғы министр Қанат Шарлапаев туралы не белгілі және ол "Атамекенде" бизнесті қорғай ала ма