"Ұрамын деп ойладым": Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлімен татуласқан кезін есіне алды
Белгілі продюсер, медиаменеджер Жан Мұқанов экс-жобасы, әнші Төреғали Төреәлімен даулы жанжалдан кейін кай кезде жолыққанын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://vk.com/photos76185951
Шоу-бизнес өкілінің сөзінше, әншімен ат құйрығын кесісіп, араласпай кеткен.
“Араға үш жыл салып, Шымкентте көрісеміз. Ол кезде Шымкентке көшіп кеткенмін. Кеңсемде отырдым. Екеуміздің ортақ танысымыз бар. Ол кісі де танымал той-мереке ұйымдастырушысы. Ол менен бір әртіске өнер көрсетуге домбырамды бере тұруын сұрайды. Менің домбыралар коллекциям бар. Артық ойсыз, өтінішін қабыл алдым. Домбырамды бердім. Өзі келіп, алып кетті. Бірақ бірнеше сағаттан соң маған хабарласып, "Сен ренжімейсің деп ойлаймын. Бұл домбыраны мен Төреғалиге бердім" дейді. Мен ренжіген жоқпын. Ол кезде мен бәрін ұмытқам, ренішім басылған”, – деп әңгімесін бастады продюсер.
-
"Жаттығуға киген киімдері": Елдос Сметов әнші Төреғали Төреәліге сыйлық берді
-
"6-сынып оқушысымын": Төреғали Төреәлі Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен сәтін есіне алды
Айтуынша, әнші экс-продюсерімен өзі жолығуды қалап, кешірім сұрағысы келген.
“Сөйтіп үш жылдан кейін кездестік. Мен оған шапалақ берем деп ойладым. Ол да мені ұратын шығар деп ойлағанын айтты. "Сіз мені ұрсаңыз да, мен соған лайық едім" деді. Соңында құшақтасып, жыладық. Шынымды айтсам, мен оны қатты жақсы көрдім, жақсы көремін де. Мен продюсерлік еткен жұлдыздардың арасында Төреғали бірегейі еді. Мен бұл жобамды мақтан тұтамын. Біз тарих жасадық. Аз уақытта 10, 20, 30 мыңдық стадиондарды жинау кез келген әртістің қолынан келе бермейді", – деді Жан Мұқанов.
Еске салайық, "Өте нашар қоштастық" деп Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлімен араласпай кеткенін мойындаған еді.