Ұлттық қордан балаларға берілетін ақшаны 16 жасқа толғаннан кейін алуға бола ма
Ұлттық қордан балалардың арнаулы шотына аударылатын қаражатты 16 жаста колледжге оқуға түсу үшін алуға болмайды. Ақша тек 18 жасқа толған қазақстандықтарға беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Сұрақ-жауап барысында депутаттар Ұлттық қордың ақшасын 18 жасқа дейін, яғни колледжге оқуға түскен кезде алу мәселесі қалай болатынын сұрады.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, бұл мәселе жұмыс тобында өте көп талқыланды.
"Біріншіден, президенттің ұсынысы бойынша қаражатқа 18 жасқа толған азамат қана қол жеткізе алады. Екіншіден, Қазақстанда қолданылып жүрген заңнамаларға сәйкес, толық әрекет қабілеттілігі 18 жастан бастап енеді. Яғни оған дейін 16 жастан бастап алған кезде баланың өз еркімен емес, ата-анасының көздеген мақсаты жүзеге асырыла ма деген қауіп те бар. Үшіншіден, 18 жасқа толатын балалар тарапынан да сұрақтар туындауы мүмкін. Дегенмен бұл сұрақ әлі де ашық, талқыланады деп ойлаймын", - деп жауап берді Шапақ әріптесінің сауалына.
Ал оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, қазір елімізде колледжге түскісі келетін 9-сынып түлектері үшін мемлекеттік гранттар бөлінеді.
"Оларды толық қамтамасыз ету жоспарда бар. Сондықтан мұндай қажеттілік жоқ. Он сегіз жасқа дейін біз тегін қамтамасыз етеміз", - деді Оспан.