Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы Ұлттық қордан қазақстандық әр балаға қанша ақша түседі

Қаржы министрі Мәди Тәкиев келер жылы "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша қазақстандық балаларға қанша қаржы бөлінетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Рexels.com

Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп үкімет пен Ұлттық банк өкілдерінен БЖЗҚ-дағы балалардың шотындағы ақша инфляция мен құнсызданудан қалай қорғалатынын сұрады.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында биыл 1 ақпаннан бастап барлық қазақстандық балаларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Ұлттық қордан алғашқы төлем аударылды. Бұл бағдарламаға 6,9 миллион бала қатысты”. Осы ретте сұрағым бар: Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді тарту оның активтеріне және "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасының іске асырылуына қаншалықты әсер етеді? Біз болашақта балаларымыздың қалтасына қол сұқпаймыз ба? 2024 жылдың аяғында және алдағы жылдары әр балаға қанша ақша бөлу жоспарланып отыр”, – деп сұрақ қойды сенатор.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев балалардың есепшотындағы ақша доллармен есептеліп, сақталатынын, сондықтан оған инфляция әсер етпейтінін айтты. Сондай-ақ ол бұл соманың өсіп жатқанын атап өтті.

“Инвестициялық кіріске биыл 2,6% болды. Келесі жылы бәрі ойдағыдай болса, инвестициялық кіріс 3%-ға дейін жетеді. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ мұны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, нақтысын айтамыз”, – деді Мәди Тәкиев.



Осылайша, келесі жылы балалардың есепшотына бұрынғы 100 доллардың орнына шамамен 120 доллар түседі.

2024 жылдан бастап Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылды. Оған сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Қаражатты ешкім мерзімінен бұрын ала аламайды.

Бұған дейін 2025 жылы "Ұлттық қор – балаларға" жобасы бойынша қазақстандық балалардың арнайы шоттарына биылғыдан көбірек қаражат аударылатыны туралы жазған едік.

Талқылау