Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет неге құрылды

АНТИКОР ҰҚК құрамына кірді

Фото: gov.kz

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform порталына берген сұхбатында комитетте жақында құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жемқорлықпен күресті жаңа деңгейге көтеруге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бұрынғы агенттік қайта құрылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамында жаңа қызмет құрылды.

“Комитеттің аналитикалық, жедел және техникалық мүмкіндіктерін антикоррупциялық құралдармен біріктіру бізге ауқымды әрі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтауға көбірек жағдай жасайды. Қылмыстың түпкі себептерін де жоюға жол ашады. Қазір біз Жарлықтан туындайтын қадамдық іс-шаралар алгоритмін жасап жатырмыз, соның ішінде тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр. Үкіметпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, бұрынғы ведомствоның функцияларын және өкілеттіктерін беру мәселелері қарастырылған”, – деді комитет төрағасы.

Ермек Сағымбаев мұның күрделі және көпсатылы процесс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол комитет кадрлық жұмысқа стратегиялық басымдық береді. 

“Қазір бізде екі мамандандырылған жоғары оқу орны жұмыс істейді: ҰҚК академиясы және Шекара академиясы. Жуырда осы оқу орындарында жас офицерлердің кезекті түлектері оқуын бітіріп шықты. Болашақ қызметкерлерді оқыту барысында біз жаңа технологияларды, қолданбалы әдістер мен шынайы практикалық тәжірибелерді енгізіп отырмыз. ҰҚК-ге қабылдау қатаң тәртіппен жүзеге асады. Қызметке тек Қазақстан азаматтары қабылданады, олар білім, физикалық дайындық, моральдық тұрақтылық және аналитикалық ойлау сияқты бірқатар талаптарға сай болу тиіс”, – дейді ол.

Айтуынша, цифрлық технологиялар дәуірі заманауи талаптарды күн санап күшейтіп отырғандықтан, киберқауіпсіздік пен ақпараттық қауіпсіздік саласында ІТ, телекоммуникациялар және цифрлық аналитика саласындағы мамандар үлкен сұранысқа ие.

Бұған дейін Антикор ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кіргені туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 13 Шілде, 2025 19:44
Талқылау