Ұлттық экономика министрі Жұманғаринге теңгені долларға шаққанда 590-ға дейін әлсіретуді ұсынды
Фото: pexels.com
Қазақстан экономикасының жай-күйі талқыланған пікірталас барысында Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков теңгені бір жылда 590-ға дейін “жұмсақ” әлсірету ұсынылды. Бірақ министр Жұманғарин мұндай сценарийдің тіпті талқыланбайтынын айтып, девальвация әлеуметтік соққыға ұрындыруы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайырбек Арыстанбеков бұл ұсынысын сыртқы экономикалық көрсеткіштердің нашарлауымен байланыстырды. Оның айтуынша, 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның экспорты 4,2%-ға қысқарған, ал импорт 4,5%-ға артқан. Сонымен қатар тоғыз айда төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы 7 миллиард доллар болған. Бұған қоса, Қазақстан ЕАЭО елдері ішінде инфляция деңгейі бойынша көш бастап тұр.
Экономист кейінгі бес жылдағы жинақталған (кумулятивті) инфляция қазақстандық экспорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, ел экономикасын көрші мемлекеттермен салыстырғанда "қымбат" етіп көрсететінін атап өтті.
"Ұлттық экспортты ынталандыру үшін теңгені кезең-кезеңімен сырғымалы девальвациялау мүмкіндігі бар. Бұл ұлттық валютаны күрт әлсірету емес, бір жылдың ішінде курсты біртіндеп өзгерту туралы ұсыныс. Егер қазір бізде 500 болса, жылдың соңында доллар 590 болуы мүмкін", – деп түсіндірді ол.
Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап ретінде үкімет девальвацияны экономикалық саясат құралы ретінде талқыламайтынын айтты. Оның пікірінше, экспорттың өсуі тек валюта бағамының айырмасына емес, өңдеу деңгейіне, экспорттаушыларды қаржылай қолдауға және бәсекелік артықшылықтарды тиімді пайдалануға да байланысты.
"Девальвацияны біз мүлде талқылап жатқан жоқпыз. Теңгенің әлсіреуі импортқа тәуелді салаларға және халықтың табысына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Егер біз курсты босатып жіберсек, экспорттаушыларға жақсы болады. Бірақ импорттаушыларға қиын тиеді. Мен "қарапайым заттар экономикасын" айтып отырмын", – деді министр.
Жұманғариннің сөзінше, мұндай ұсыныстар әлеуметтік тәуекелдерге алып келіп, халық табыстары арасындағы айырмашылықтың ұлғаюына себеп болуы мүмкін.
- 2026 жылдан бастап доллар бағасы мен инфляция қалай өзгереді – Экономистер болжам жасады
Еске салайық, Қазақстан қаржы саясатында бағытын өзгертіп жатқанын жазған едік. Доллар қымбаттап, тәуекел күшейген тұста ел юаньмен қарыз алып, қарыз құрылымын қайта құруға көшті. Reuters мәліметінше, бұл қадам шығынды азайтып, валюта тәуекелін төмендетуге бағытталған.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады