Министр Жұманғарин өзі мен әйелінің 2024 жылғы табысы туралы мәліметтерді жариялады
Фото: primeminister.kz
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2024 жылғы табысы туралы мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Деректер ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жарияланған.
Декларацияға сәйкес, 2024 жылы отбасының жалпы табысы 88 678 984 теңгені құраған. Қаражат бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан, яғни дивидендтер мен сыйақылардан түскен. Бұл сомаға министрдің жалақысы кірмейді. Табысты Жұманғариннің жұбайы – Сәния Садықова декларациялаған.
Фото: gov.kz
Айта кетейік, Жұманғарин – қазірге дейін жариялау мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан 2024 жылға арналған декларациясын жариялаған жалғыз жоғары лауазымды шенеунік.
Серік Жұманғарин өзін Қазақстандағы салық реформасының "әкесі" деп атады
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің есеп беруіне қатысты талаптар жеңілдетілген еді. Енді ашық дереккөзде тек декларация тапсырушының және оның жұбайының аты-жөні, салықтық кезеңі мен табыстың жалпы сомасы ғана жарияланады. Ал шоттар, жылжымайтын мүлік пен активтер туралы ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, Серік Жұманғарин жаңа салық реформасының, оның ішінде қосылған құн салығын (ҚҚС) арттыру жөніндегі бастамалардың негізгі авторларының бірі. Бұған дейін ол бұл реформа үшін жеке жауапкершілік алатынын мәлімдеген еді.
Еске салсақ, бұған дейін бірнеше жұмыс істейтін қазақстандықтар да декларация тапсыратыны туралы жазған едік.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар